Фото: ашық дереккөз
Атом энергетикасы төңірегінде алыпқашпа әңгіме де, нақты дәйекке негізделген тұжырым да алды-артымызды орап тұр. Арасынан ақиқатын ашып алу оңайға сірә, соқпайды. «World Nuclear News» (Дүниежүзілік ядролық қауымдастық) мәліметі бойынша, 2022 жылдың қарашасы мен 2023 жылдың қаңтары аралығында Франция, Германия, Жапония, Польша, Оңтүстік Корея, Швеция, Ұлыбритания, АҚШ-та 13 500 адамға онлайн-сұрау жүргізілген. Бәрі де атом энергетикасын айрықша қолдаған, әсіресе Польша, Франция, Швециядағы қолдау көрсеткіші өте жоғары болыпты.
Таяуда «Financial Times» басылымы әлемнің ірі банктерінің ядролық энергетиканы қолдағаны туралы ақпаратты жария етті. Басылымның хабарлауынша, 14 ірі әлемдік банк пен қаржылық мекеме ядролық энергетикаға көрсететін қолдауларын арттыруға уәде беріп отыр. Бұл қадам атом электр стансаларының жаңа толқынын қаржыландыруға жол ашпақ делінеді мақалада. Нақтылап айтқанда, «Bank of America», «Barclays», «BNP Paribas», «Citi», «Morgan Stanley», «Goldman Sachs» 2050 жылға дейін әлемдік ядролық энергетика қуатын үш еселеуге уағдаласқан. Мұндай мақсат алғаш рет COP28 (БҰҰ-ның климат өзгерісі бойынша конференциясы) климаттық келіссөзінде айтылып, міндеттелді.
Қаржы ұйымдары нақты қандай қолдау көрсететінін мәлімдей қоймаған, сарапшылардың айтуынша, олардың осылай ауызша жариялауының өзі төмен көміртекті энергетикаға көшуде сектордың (қаржы секторының – ред.) маңызды рөл ойнайтынын аңғартады.
Шыны керек, ядролық жобалардың тым күрделі һәм қымбат болуы әлемде жаңа электр стансаларының құрылысын бастауға кедергі болып келді. Сөйтіп, өткен ғасырдың 70-80-жылдарында Батыс елдерінде бірқатар реактор салынғаннан кейінгі қарқын біршама баяулап қалды. Дүниежүзілік ядролық қауымдастықтың басқарма мүшесі Джордж Боровастың сөзінше, бұл жағдай ойын тәртібін өзгертеді.
Осыған дейін банктерге саяси тұрғыдан жаңа ядролық жобаларға қолдау көрсету қиынға соғып келді. Оның үстіне тәуекел деңгейі тым жоғары болғандықтан, ядролық жобаларды қаржыландыруға жүрексінетін. Енді олар ядролық компанияларға жобалық қаржыландыру беру, тікелей несиелеуді арттыру, облигация сатылымын ұйымдастыру, компанияларға жеке капиталға немесе несие қорларына қолжетімді ету арқылы көмектесе алады. «BNP Paribas»-тың мәлімдеуінше, әлем елдері ядролық энергетиканы пайдаланбай көміртегі бейтараптығына қолжеткізе алмайды.
«Әлемдегі соңғы жаңа атом электр стансаларының көбі Қытай, Таяу Шығыс және Азияда салынды. Дамыған елдердің үкіметтері атом энергиясы нөлдік шығарындылар бойынша міндеттеменің шешімі болуы мүмкін деп мәлімдей бастады. АҚШ, Ұлыбритания, Жапония, Швеция, Біріккен Араб Әмірліктері COP28-дің қуатты үш еселеу туралы міндеттемесіне қол қойғандардың қатарында болды. Ядролық энергетика Big Tech тарапынан да қолдау тапты. Big Tech ядролық энергия көзін деректерді өңдеу орталығын қуаттандырудағы ең төмен көміртекті шешім деп қарастырып отыр. Жұма күні «Microsoft» Пенсильваниядағы Три-Майл-Айленд АЭС-індегі 835 мегаваттық ядролық реакторды қайта іске қосу туралы «Constellation Energy»-мен 20 жылдық келісімге келгендерін мәлімдеді. Бұл реактор пайдаланудан шығарылудың аз-ақ алдында тұрған-ды», деп жазады «Financial Times».
Айтып-айтпай не керек, АЭС дүбірі бізге де жетті. Алда маңызды кезең – жалпыхалықтық референдум күтіп тұр. Ядролық физика институты бас инженердің орынбасары Асхат Бекбаевтың айтуынша, бейбіт атом – ел экономикасының өсіміне оң әсер тигізетін сенімді және тұрақты энергия көзі.
«Өнеркәсіп дамып, жаңа жұмыс орындары құрылып, халықтың әл-ауқаты артады. АЭС құрылысы жүретін өлкенің инфрақұрылымы жетіліп, аймаққа мультипликативті әсерін береді. Экологиялық тұрғыдан да пайдасы көп. Атом энергетикасы төмен көміртекті болғандықтан, ауаға парниктік газдар тарамайды. Сонымен қатар атом энергиясы қазба байлықты тұтыну көлемін қысқартып, табиғи ресурстарды сақтауға мүмкіндік береді. АЭС-тің пайдалануға берілуі елдегі ядролық технологияның дамуына да серпін сыйлайды. Соның нәтижесінде көмірсутегі экспортына деген тәуелділікті төмендетіп, елдің энергетикалық тепе-теңдігін әртараптандыра аламыз», дейді маман.
Сарапшы сөзінше, қазір ел экономикасының жылдық өсімі электр энергиясын одан әрі қажет ете түсіп отыр.
«Ядролық технология тек электр энергиясын өндіріп қоймай, медицина, ауыл шаруашылығы және су тұшытуда да қолданылады. Еліміз болашақта атом энергетикасы саласындағы халықаралық жобалардың белсенді қатысушысы бола алады, бұл инвестиция мен технология тартуға мүмкіндік береді. Бізде уран қорының мол болуы да – атом саласындағы ерекше артықшылық. Бірақ бұл стратегиялық маңызды нарықта көшбасшылықты сақтауға ресурстарға қол жеткізу ғана емес, білікті кадр да қажет. Сондықтан атом саласында кадрлық әлеуетті дамыту мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының біріне айналды», дейді Асхат Бекбаев.
Атом өнеркәсібін дамыту қауымдастығының төрағасы Алдияр Тоқтаровтың пікірінше, АЭС-те апат туады деп алаңдауға негіз жоқ.