27 сәу, 2022 сағат 15:11

Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы аясында аллея ашылды


Талдықорғанда ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы аясында аллея ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аллеяның Талдықорғанда ашылуының өз мән-мағынасы бар. Тіл білімі институтының ғалымдары Ахмет Байтұрсынұлы Жетісу өңірі туралы көп зерттеу жүргізгендігін айтады. 

«Жетісуға байланысты деректерді өте жақсы білген. Мына жақта «Мамания» мектебі бар. Қапалдағы Барлыбек Сырттанов мектебі бар. Қапал өңірі туралы «Қазақ» газетінде ұдайы жазып отырған», - дейді  Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты директорының орынбасары Ермұхамет Маралбек.

Шағын саябақ «Тіл сарайы» ғимаратының ауласында орналасқан. Алаш ардақтысының есімін ұлықтауға келген ғалымдар мен тіл жанашырлары қылқан жапырақтылар және жеміс ағаштарын отырғызып, Жетісудың бас қаласын жасыл желекке айналдыруға өз үлестерін қосты. 

Жалпы, биыл Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойы халықаралық деңгейде аталып өтеді. Бірнеше мемлекетте ғылыми-конференциялар ұйымдастырылып, қаламгер шығармалары мен еңбектері баспадан қайта жарыққа шығарылмақ.