Фото: Дидар газеті
18 маусымда Парламент Мәжілісі отырысында депутат Ринат Зайытов Мәдениет және Ақпарат министрі Аида Балаеваға ұлттық анимациялық фильмдер туралы сұрақ қойып, мәселе көтерді. Ол өз сөзінде елде шығарылып жатқан анимациялық фильмдер көрерменге жетпей жатқанын айтып қынжылды. Бұл туралы Ult.kz хабарлайды.
Ринат Зайытовтың сөзінше соңғы 5 жылда «Қазақфильм» киностудиясының қатысуымен 1,4 млрд. теңгеге 47 анимациялық фильм жасалған, алайда олардың көбі көрерменге жетпей қалған.
«Бұндай қаржыландырудан кейін бізде серпіліс болуы керек еді ғой. Жоқ, болған жоқ. 47 фильмнің төртеуі ғана телеарналардан көрсетілді, қалғаны эфирге де, экранға да, ешқандай жерге шыққан жоқ. Қайталап айтамын, төртеуі ғана шыққан! Оның "Qazaq animation" деген 475 подписчигі бар арнасы бар, солған 12 мультфильм орналастырылған. Бірақ оның қаралымы ‒ 383. Ең көп қаралым жинаған біреуі бір, оның өзі 44 мың қаралым. Болды. Бұл енді қиын жағдай ғой? Қазіргі мынандай маркетинг пен цифрландырудың заманында неге артта қалып жатырмыз?! Қаржыландыру жоқ емес, бар. Ақша бар. Аудиторияға неге жетпейді? Неге біздің анимацияға бөлінген ақшаға анимацияда ілгерілеу жоқ?» ‒ деп сұрады Зайытов.
Өз сөзінде Аида Балаева бұл мәселемен 2 жыл болды айналысып жатқандарын айтты.
«Шынын айту керек бірінші кезде өнім жоқ болды, екіншіден сіз айтып отырған 47 өнімді бұқара халыққа көрсету үшін құқықтық негіз жоқ болды. Өйткені ең басты халықаралық шарт ‒ ондай өнімдер әр түрлі деңгейдегі халықаралық фестивальдің шеңберінде байқаулардан өтуі керек. Сондықтан бұл жұмыс қазір жүргізіліп жатыр», ‒ дейді министр.
Мәдениет және Ақпарат министрінің айтуынша түсірілген анимациялық фильмдердің ішінде барлық фестивальдардан 47-нің жартысы өтті, ал басқалары сол фестивальдарға қатысып жатыр.
«Ал екіншіден, өзіңіз айтып отырған осындай туындыларымызды цифрлық маркетинг, ютуб немесе арнайы стриминг платформалары арқылы тарату жүйесі бізде болған жоқ. Оны біз 2024 жылдан бастап қолға алдық. Қазіргі таңда жаңа анимациялық өнімдердің 25-і Қазақстан телеарналарында, 69-ы Хабар телеарналарында орнатылды. Ютуб каналда Қазақфильмнің әр түрлі жылдары түсірілген 10 өнімі сол жаққа құйылды. сондықтан бұл жұмыс үнемі көрсетілетін болады. Екінші бағыт, ол әр түрлі білім ошақтары мен мәдени ошақтарда біздің өнімдерді көрсету. Онымен біз жоспарлы түрде айналысып отырмыз. Жалпы осы ұлттық киноны қолдау орталығы қазір тағы да өнімдер шығарып жатыр. Оның бәрі әр түрлі стримингтерде, ютуб каналдарда орнатылатын болады», ‒ деді А. Балаева.
Айта кетейік, ұлттық анимация саласына қатысты мәселелер Парламент қабырғасында ара-тұра көтеріліп тұрады. Депутаттар анимация арқылы ұлттық құндылықтарды насихаттауды ұсынып, қазақ тілінің дамуы, ұрпақ тәрбиесіне әсері туралы жиі айтады.