16 қар, 2018 сағат 16:22

Ақтөбеде өткен халықаралық конференцияға әлемнің көрнекті ғалымдары қатысты

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың стратегиясы – аймақтық дамудың драйвері» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті.

Шараның мақсаты – Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстанның аймақтарын дамыту бойынша стратегиясының маңызын көрсету; шетелдік және отандық сарапшылар қоғамдастығының пікірін талқылау үдерісінде аймақтық сәтті дамудың факторы ретінде Батыс Қазақстанның экономикалық, әлеуметтік-саяси, рухани-мәдени әлеуетін дамыту туралы білімді кеңейту. 

Конференция жұмысына әлемнің 15 мемлекетінен, соның ішінде ҚХР, Оңтүстік Корея, Түркия Республикасы, Индия Республикасы, Ресей Федерациясы, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінен, сонымен қатар, Қазақстанның жиырма жоғары оқу орнынан келген 126 ғалым қатысты.

Ақтөбеде Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен өркендеуіндегі рөлі туралы конференция өткізу біз үшін үлкен қуаныш әрі құрмет. Жуырда біз Тәуелсіздігіміздің 27 жылдығын атап өтеміз. Қазақстан осындай қысқа тарихи кезең ішінде Ұлт көшбасшысының дана саясатының арқасында бүкіл әлемге танылды. Конференцияға қатысушылардың барлығы өздері үшін жаңа дүниелерді ашады деп сенемін. Шынында, пікір алмасу, пікірталастар мен диалог барысында жақсы идеялар пайда болады, - деді Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев сәлемдесу сөзінде.

Өңір басшысы сондай-ақ, ақтөбелік жастарды ұлттық салт-дәстүрді сақтап, заманауи жоғары білім алуға, бәсекелестікке қабілетті маман және Отанының патриоты болуға шақырды.

Елбасы кітапханасы директорының бірінші орынбасары, саяси ғылымдарының докторы, профессор  Әмірхан Рахымжанов «Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан өңірлерінің дамуы жөніндегі стратегиясы» тақырыбында баяндама жасады.

- Тарихи үдерістің тұрғысынан алғанда, 27 жыл қысқа уақыт кезеңі болып табылады, бірақ елдің саяси, экономикалық және әлеуметтік салаларындағы өзгерістер қарқынының өскені соншалық, бұл өзгерістердің ауқымы 90-жылдардың басында жас мемлекеттің алғашқы қадамдарына куә болған адамдарды таң қалдырмай қоймайды. Президент жүргізіп отырған саясаттың негізгі постулаты әрқашан елдегі бейбітшілік пен келісімді сақтау болды. Алғашқы күндерден бастап реформалардың әлеуметтік бағдарлануына баса назар аударылды. Мемлекет басшысына шешімдерді уақытылы қабылдауға, уақыттың қиындықтарына жауап беруге, жағдайды өте қиын кезде түзетуге тура келді. Сонымен бірге Нұрсұлтан Назарбаев әрқашан жауапкершілікті өзіне алды, - деді профессор.

Өз сөзінде ол конференцияны Қазақстан елордасының 20 жылдығын мерекелеу жылы өткізудің символдығын атап өтті.

- Астана жиырма жыл ішінде тәуелсіз Қазақстанның табысы мен гүлденуінің нышанына айналды. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, елорда тұрғыны ретінде ақтөбеліктерге астана мерейтойына тарту еткен бірегей сыйлық - «Бейбітшілік қабырғасы» ескерткіші үшін алғыс айтамын. Оның ашылу рәсімі халықаралық ядролық сынаққа қарсы әрекет күні өтті. Мемлекет басшысы Астанада орнатылған бірегей ескерткіштің  тарихымыздың сабақтарын біліп, есте сақтауға, біздің өз жерімізде құрған бейбітшілік пен игілікті құрметтеуге шақыру болып табылатынын атап өтті. «Бейбітшілік қабырғасы» - бұл замандастарға бейбітшілік құндылықтары мен өткеннің қайғылы беттерінің қайталануына жол бермеу туралы тағы бір ескерту.  11 қазанда әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының 6-шы съезі аясында «бейбітшілік» сөзі 51 тілде жазылған «Бейбітшілік қабырғасында» түрлі дін өкілдері осы жердегі бейбітшілік пен келісім үшін қасиетті дұғаларын оқыды,- дейді Әмірхан Рахымжанов .

Конференцияға қатысушылар Қазақстан аймақтарын дамыту бойынша Н.Ә.Назарбаев стратегиясының мәнмәтінінде әлемдік қоғамдастықтағы Қазақстанның беделі мен халықаралық мәртебесін арттыру факторы ретінде Тұңғыш Президент – Елбасының ішкі саяси бастамалары мен этникааралық, конфессияаралық келісім мен рухани даму, «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» жобасы, Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: қоғамдық сананы жаңғырту» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру саласындағы ғылыми зерттеулер нәтижесін талқылады.

Іс-шара Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының «Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі көрме жобасы аясында өткізілді. Жоба бойынша ауқымды ғылыми-білім беру және мәдени-ағарту шаралары, сонымен қатар Ақтөбеоблысы бойынша көшпелі экскурсиялар ұйымдастырылады. Жоба Елбасы кітапханасының жинақтарынан ұсынылған қор көрмесіне негізделген. Көрме 14 қарашадан бастап Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану мұражайының жаңа ғимаратында  экспонатталуда. Ақтөбетұрғындары мен қонақтары 2019 жылғы қаңтар айының соңына дейін көрмені тегін тамашалай алады.