26 шіл, 2021 сағат 17:03

Ақтөбеде сайланған 35 әкімнің екеуі ғана өзін-өзі ұсынған


Ақтөбеде 35 ауыл әкімі сайланды. Оның бесеуі әйел, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Ақтөбе облысы бойынша барлығы 74 сайлау учаскесі жұмыс істеді. 

105 кандидаттың 60% - партия атынан үміткер болды. «Nur Otan» партиясынан - 28, «Ауылдан» - 16, «Ақ жолдан» - 9, «АDAL» партиясынан - 4, Қазақстан халық партиясынан - 4, Жалпы ұлттық социал - демократиялық партия сынан - 2 кандидат бақ сынады. Ал 42-сі өзін-өзі ұсынған. 

«Облыстағы 35 сайлау округінде әкімдер сайланды. Оның ішінде: «Nur Otan» партиясынан 28, «Ауыл» партиясынан - 2, «Ақ жол», «АDAL», Қазақстан халық партиясының әрқайсысынан бір адам әкім болды. Сонымен бірге өзін-өзі ұсынған 2 адам тіркелді. Сайланған әкімдердің 28-і - мемлекеттік қызметші болса, біреуі - коммерциялық құрылым өкілі, бесеуі - бюджеттік ұйым қызметкері, ал біреуі уақытша жұмыс істемейді. Сайланған әкімнің бесеуі - әйел»,- дейді облыстық сайлау комиссиясының хатшысы Есет Шангереев. 

Сайланған әкімдердің орташа жасы - 46. Ең жасы 26-да болса, үлкені 62-де.