04 ақп, 2025 сағат 09:43

Әлі де өзектілігін жоғалтпаған симфониялық өнер

Фото: Астана опера баспасөз қызметінен

Мүмкін көпшілікке симфония мен оркестрдің ешқандай айырмасы жоқ боп көрінер, енді бірі симфониялық оркестрдің не екенін түсінбеуі де ықтимал. Ал сіздерді анау-мынау емес, «ХХ ғасырдың симфониялық классикасына» шақыруы бұ не дегені деп таңданудың да жөні бар... 

Сондықтан бәрін басынан түсіндірейік... Оркестр – түрлі аспаптарда ойналатын үлкен ансамбль, оның тарихы сонау XVII ғасырдан бастау алады. Грек сөзінен аударғанда «жарыс өтетін алаң» дегенді білдіреді. Ал симфония – оркестрдің ең жоғарғы шыңы, яғни формасы. Онда 50-ден 100-120-ға дейін аспаптар ойнатылады. Дүниежүзінде кеңінен таралғаны да осы – симфониялық оркестр. Оған хор, әнші, солистер қатысса да, ол шығармаларда аспаптық жағы басым түседі. 
Алғаш симфониялық оркестрдің құрылуы XVIII ғасырда 20-дан астам түрлі музыкалық аспаптан басталған.  Бір шығармада қанша аспап ойнатылса да, әрқайсысының дыбыс бояуы әр түрлі. Симфониялық музыканың негізін салған композиторлар – Йо́зеф Гайдн,  Вольфганг Амадей Моцарт бұған дәлел. Олардың әрбір шығармаларының әуені бойдағы алпыс екі тамырдан қан жүгіріп, жүрек соғысы жиілеп, сезімге ерік беріп, керемет күй кештіреді. 

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айдар Әбжаханов та симфониялық концерт жанр ретінде XVIII ғасырда классикалық симфонияның дамуымен бірге қалыптасқанын сөз етті. 

Фотода: Айдар Әбжаханов. Астана опера баспасөз қызметінен
"XIX ғасырда симфониялық концерт ұлы романтик-композиторлардың – Бетховен, Брамс, Чайковскийдің шығармашылығы арқасында кең құлаш жайды. XX ғасыр жаңа дәуір әкелді: неоклассицизм, модернизм, эксперименттік музыка пайда болды, ал симфониялық оркестр мүлдем жаңа сипат алды. Стравинский, Прокофьев, Шостакович сияқты композиторлар дәстүрлі симфонияның шекарасын кеңейтіп, өз заманының рухын бейнелеген әрі болашақ музыкаға ықпал еткен шығармалар жазды", – дейді Айдар Әбжаханов.


Ал қазақтың симфониялық музыка жанрында өзінің ізін қалдырды деп Е.Рахмадиев, Ғ.Жұбанова, С.Мұхамеджанов, Қ.Мусин, М.Қойшыбаев, Қ.Қожамияровты атауға болады. Қазақстанда мемлекеттік симфониялық оркестр 1958 жылы ұйымдастырылған екен. Елге танымал дирижердің айтуынша, XX ғасырдағы музыка – симфониялық өнер тарихындағы бетбұрыс кезеңі. Дәл осы уақытта музыкалық тілде, көркемдік құралдар мен формаларда түбегейлі өзгерістер орын алған. Композиторлар жаңа дыбыстарды іздестіріп, фольклорға жүгінді, ырғақ пен гармонияда тәжірибе жасап, джаз бен авангард элементтерін енгізген. Сол себепті де дирижер Айдар Әбжаханов ХХ ғасырдың симфониялық классикасын ел алдына ұсынбақшы.

«ХХ ғасырдың симфониялық классикасы» концертінің бағдарламасы өткен ғасырдың музыкалық қолтаңбасының таңғаларлық сан алуандылығын көрсетеді. Сол кеште ұсынылатын әрбір туынды – бұл әлемдік мәдениеттің бір бөлігі, сол дәуірдің адамдары бастан кешірген ойлар мен ұмтылыстар және өмір энциклопедиясы. Тілес Қажығалиевтің «Қыз қуу» симфониялық поэмасы айрықша орын алады, бұл – біздің ұлттық мақтанышымыз, қазақ халқы дәстүрлерінің музыка арқылы берілген көрінісі. «Қыз қуу» симфониялық скерцосы қиялды еліктіріп, тыңдармандарды ұшы-қиырсыз далада атпен шауып келе жатқан бойжеткен мен жігітті еріксіз көз алдына елестетеді", – деді «Астана Опера» дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айдар Әбжаханов.


Сонымен қатар, концерттің бағдарламада Сергей Прокофьевтің экспрессивті симфониялық сюиталары мен Джордж Гершвиннің джаз бен классиканы үйлестірген «Рапсодия в стиле блюз» туындысына дейін ұсынылмақ. XX ғасыр дәстүрлерді қайта ой елегінен өткізген уақыт болды, оның музыкалық мұрасы,  симфониялық өнер әлі де өзектілігін жоғалтқан жоқ деп санайды дирижер.

"Қазіргі технологияның қарқынды дамуына және музыкалық индустриядағы өзгерістерге қарамастан, симфониялық өнер әлі де өзектілігін жоғалтпады. Бүгінде концерттерде мультимедиялық элементтер қолданылады, классика электроникамен біріктіріліп, тыңдаушыға жаңа форматтағы әсер сыйлайды. XXI ғасыр композиторлары симфониялық оркестрден шабыт алып, өз шығармаларына заманауи жанрлар мен халықтық әуендерді енгізуде. Маңыздысы – симфониялық музыка бүгінгі таңда да өз тыңдарманын таба біледі. Ол терең эмоциялар мен мағыналарды жеткізе алатын әмбебап тіл болып қала береді", – дейді Айдар Әбжаханов.


Сондықтан симфониялық концерттердің болашағы – дәстүрлерді сақтай отырып, жаңа мүмкіндіктерді игеріп, өнердің көкжиегін кеңейте түседі дегенге нық сенеміз.

Естеріңізге сала кетсек, 9 ақпан күні «Астана Опера» сахнасында музыканы бағалайтын жандарға «ХХ ғасырдың симфониялық классикасы» атты концерті өтеді. Кеш барысында өткен ғасырдың классик композиторлары Тілес Қажығалиев, Сергей Прокофьев пен Джордж Гершвиннің туындылары ойнатылады. 
 

Анар Қоныс