11 мау, 2025 сағат 16:56

Алматы облысында 250 миллион теңге залал келтірген интернет-алаяқтық схемасы әшкереленді

Фото: Polisia.kz

Алматы облысының полицейлері шамамен 250 миллион теңге көлемінде залал келтірген ауқымды интернет-алаяқтық схемасын әшкереледі, деп хабарлайды Ult.kz.

Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде облыстық киберқылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Алматы қаласы мен Алматы облысы аумағында әрекет еткен қылмыстық топтың ұйымдастырушысы мен үш сыбайлас дропперді ұстады.

Полиция мәліметінше, ұйымдастырушы небәрі 19 жаста, Алматы облысының тұрғыны. Тергеу мәліметінше, ол қылмыстық схемаға 2023 жылдың қазан айынан бері қатысқан. Алдымен қарапайым дроп ретінде бастап, 2024 жылдың маусымынан бастап дропперлерді басқаруға көшкен. 2025 жылдың қаңтарынан бастап куратор ретінде әрекет етіп, үш дропперді басқарып келген.

Ұрланған қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыру үшін қаскүнемдер 50-ден астам жалған тұлғаға рәсімделген банктік қосымшалары бар 30-дан астам мобильді құрылғыны пайдаланған. Сондай-ақ ноутбук, Ресей байланыс операторларына тиесілі 11 SIM-карта және шетелдік қаржы ұйымдарының банктік карталары тәркіленді.

Алдын ала есептеулер бойынша, куратор қылмыстық әрекет барысында шамамен 10 миллион теңге табыс тапқан, ал оның сыбайластарының әрқайсысы – 3 миллион теңгеден. 2025 жылдың қаңтарында қарапайым дроп ретінде жұмысын бастаған дропперлердің бірі кейін куратордың сенімді көмекшісіне айналған. Ол тек ақшаны шешіп қана қоймай, банк есепшоттары бұғатталған жағдайда басқа дроптарды банктерге ертіп барған.

Қылмыстық схемаға қатысы бар барлық тұлға ұсталып, Алматы облыстық полиция департаментіне жеткізілді. Қазіргі уақытта қажетті тергеу амалдары жүргізілуде.

Тәртіп сақшыларының айтуынша, барлық қатысушы мен олардың әрекеттері нақты анықталғаннан кейін банктерге алаяқтық эпизодтарын тіркеу және келтірілген залал сомасын дәл анықтау үшін санкцияланған сұраулар жолданатын болады.