16 там, 2022 сағат 15:48

Алматыда 100 миллион теңгенің алтыны жасырылған орын анықталды


Алматы полициясы ұрланған алтын жасырылған орынды тапты, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Жетісу аудандық Полиция басқармасы мәліметінше, 12 тамызға қараған түні қаладағы базарлардың бірінде алтын-күміс әшекей бұйымдары ұрланған.

– ҚР ҚК-нің 188-бабы 4-бөлігі (Ұрлық) бойынша тергеліп жатқан қылмыстық іс материалдарына сәйкес, қаскөй базардың алтын сататын қатарына түнде кіріп кеткен. Ол сегіз сауда орнының сөрелерін сындырып, өзімен бірге 100 млн теңгенің әшекей бұйымдарын алып кеткен. Бұл қылмысты ашу мақсатында тергеу-жедел тобы құрылды. Базардағы бейнебақылау жүйелеріне талдау жасалды. Күдіктінің жеке басы бірден анықталды. Бұл – 35 жастағы А. есімді азамат. Ол Қонаев қаласындағы қонақүйлердің бірінде ұсталды. Күдікті сол жерде уақытты өткізуді жоспарлаған көрінеді, –  деді Жетісу аудандық Полиция басқармасының бастығы Дархан Мұсанов.


Қаскөйдің ұрлаған мүлікті жасырған жері анықталды. Ол алтындарды қала шетіндегі шөл далаға жасырған. Заттай айғақтар тәркіленді.

ҚР ҚПК-нің 128-бабына (Ұстап алу негіздері) сәйкес А. есімді азамат уақытша ұстау изоляторына қамалды. Бұлтартпау шарасы ретінде сот қамауға алуды санкциялады.