Фото: Алматы әкімдігі
Алматыда «Таза Қазақстан» бағдарламасы және жаңа көріктендіру ережесі аясында қалалық нысандарды төлқұжаттау басталды, деп хабарлайды Ult.kz.
Төлқұжаттаудың негізгі міндеті – кәсіпкерлерге іргелес аумақтарды көріктендіру бойынша жауапкершілік шегін анықтау. Алматының коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасының мәліметінше, барлығы 5 590 кәсіпкерлік нысанды төлқұжаттау қажет. Қазір мыңға жуық кәсіпкер төлқұжатқа қол қойды. Төлқұжаттау жұмыстары келесі жылдың сәуір айында аяқталады.
Әрбір бизнес субъектісі көріктендіру төлқұжатын алуға және іргелес аумақты тиісті жағдайда ұстауға міндетті. Бұл меншік нысанына қарамастан барлық қатысушы үшін жауапкершілік жүктейді.
Аумаққа жауапты субъектілерге жеке және заңды тұлғалар, ПИК, МИБ, ҚС, сондай-ақ ғимараттардың меншік иелері және жерді уақытша немесе тұрақты пайдалану құқығы бар тұлғалар жатады.
Төлқұжат кәсіпкерлердің іргелес аумақтарды және нысандардың қасбетін тиісті жағдайда ұстау мәселесіндегі әлеуметтік жауапкершілікті арттырады.
Ғимараттардың және құрылыстардың иелері қасбеттердің уақтылы жөнделуі мен сырлануына, олардың тиісті күтіп ұстау мен пайдаланылуын қамтамасыз етуге міндетті Сондай-ақ, қасбеттердегі ескерткіш тақталарды, көше көрсеткіштерін (тұйық көшелер мен алаңдарды қосқанда), нөмірлік белгілерді, маңдайшаларды және ақпараттық тақталарды таза әрі жарамды жағдайда ұстауға тиіс.