Фото: ашық дереккөз
Алматы әкімі Дархан Сатыбалды Ұлыбританияның жетекші жоғары оқу орындарының бірі Coventry University өкілдерімен кездесу өткізді. Кездесу барысында Алматыда инженерлік кампус ашу мәселесі талқыланды, деп хабарлайды Ult.kz.
2024 жылы Coventry University Kazakhstan-ның алғашқы кампусы Астанада ашылған болатын. Қазір онда 360-тан астам студент оқиды. Оқу ағылшын тілінде жүргізіледі, университетте Ұлыбританиядан келген мамандар жұмыс істейді.
Алматыда ашылатын жаңа кампуста машина жасау, электр қуаты, атом энергетикасы және құрылыс салаларында инженерлер даярланады. Университет бизнес, қалалық құрылымдар және жоғары оқу орындарымен тығыз ынтымақтастық орнатуды жоспарлап отыр.
Әкімдік қаланың кадрлық және технологиялық әлеуетін дамытуға бағытталған білім беру бастамаларын қолдауға дайын екенін білдірді.