13 ақп, 2024 сағат 08:17

Алматыда Қазақстанға кокаин жеткізу арнасы анықталды

Фото: polisia.kz


Алматыда есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөліністерінің қызметкерлері Италия мен Польшадан Қазақстанға жеткізілетін кокаин арнасынының жолын кесті, - деп хабарлайды «Ұлт ақпарат» Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.


Оңтүстік астанада жалға алынған пәтерде салмағы 250 грамм кокаин тәркіленді.


"Ол кофе түрінде пластикалық капсулаларға жасырылған. Бұдан әрі қазпошта бөлімшесінде күдіктіге тиесілі сәлемдемені тәркілеу бойынша тергеу шаралары жүргізілді. Одан жалпы салмағы шамамен 1 келі есірткі заттары бар пластикалық банкалар табылды, оның ішінде 0,5 келі кокаин және 400 грамнан астам экстази болған. Бұл үш мыңнан аса бір реттік доза болады", - делінген хабарламада.


Ұсталған шетелдік курьер функциясын үш айға жуық орындап келген, ал Алматыға шаруашылық тауар ретінде жасырылған пошта сәлемдемелері арқылы есірткінің сирек түрлерін сату мақсатында ғана келген.


"Ұсталған адамға қатысты есірткі заттарын өткізу мақсатында аса ірі мөлшерде заңсыз сатып алу және сақтау дерегі бойынша соталды тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Естеріңізге сала кетейік, бұл қылмыстар үшін мүлкі тәркіленіп, он жылдан он бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылады. Күдікті қамауға алынды. Елге кокаин жеткізу арналарын анықтау бойынша іс-шаралар жалғасып жатыр. Өзге ақпарат тергеу мүддесі үшін жария етілмейді", – деді ҚР ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Бақытжан Әмірханов.