Бүгін, 4 қыркүйекте Алматыдағы Республикалық Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен бірге «Тіл – Қазақстан халқының рухани байлығы» атты онлайн конференция өткізді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Қазақстан халқы тілдері күніне орай ұйымдастырылған конференция жұмысына ҚХА Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Ж.Қ.Түймебаев, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасының орынбасары Е.Үйсінбаев, ҚХА мүшелері, этномәдени бірлестіктер мен жастар ұйымдарының басшылары қатысты.
Іс-шараның мақсаты – тілдік мәдениет пен жалпы адами рухани құндылықтар принциптеріне негізделген қоғамдық келісім мен ұлтаралық татулықты, қазақстандық бірегейлікті, толеранттылық пен өзара түсіністікті нығайту және дамыту.
Жиынды ашқан ҚХА Төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев өз сөзінде алдымен Президент Жолдауының маңыздылығына тоқталды.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: Іс-қимыл кезеңі» атты халыққа Жолдауында нақты басымдықтарды белгіледі.
Бұл ел дамуының бағытын айқындайтын айрықша маңызды құжат. Жолдау халықтың әл-ауқатына, әрбір қазақстандықтың әлеуметтік көңіл-күйіне байланысты барлық негізгі салаларды қамтиды.
Жолдауда халықты толғандыратын сұрақтарға жауаптар берілді. Біздің міндетіміз – осы маңызды құжатты түсіндіруге және іске асыруға белсенді атсалысу.
Ассамблеяның барлық мүшелері, этно, БАҚ-тар редакторлары Жолдаудың міндеттері жөнінде, сондай-ақ оларды іске асыру бойынша халықпен белсенді түсіндіру жұмыстарын жүргізуі тиіс.
Ұлттың жаңа қасиеттерін белгілей отырып, Президент Тоқаев «ХХІ ғасырдың ұрпағы терең білімді болуы тиіс, жастарды тынымсыз еңбекке дағдыландыру қажет, кез келген істің негізінде кәсібилік жатыр», деп атап өтті. Сондай-ақ, б ұл межеге қоғамдық коммуникация арқылы – тілдер арқылы қол жеткізуге болады» деді.
Сонымен қатар, Жансейіт Түймебаев «Тіл – Қазақстан халқының рухани байлығы» онлайн конференциясы жыл сайын 5 қыркүйекте атап өтілетін Қазақстан халқының Тілдері күніне арналғанын жеткізді.
«5 қыркүйек – қазақтың қоғам қайраткері, қазақ лингвистикасы мен әдебиеттануының негізін қалаушылардың бірі, ғалым және әдебиеттанушы Ахмет Байтұрсынұлы дүниеге келген күн.
Қазақстан халқының тілдері күні – бұл 100-ден астам этностардың біртұтас тату отбасын құрайтын әрбір қазақстандықтың мерекесі.
Тілдер күні барша халықты біріктіреді және біздің біртұтас қазақстандық бірегейлігімізді көрсетеді. Оның арқауы мемлекеттік қазақ тілі мен көпұлтты мемлекеттің мәдениеті, ортақ құндылықтар мен қазақстандық патриотизм болып табылады.
Бұл мереке біздің азаматтарымызға мемлекеттік тілге және өз ана тілдерін құрметтеуге, Біздің Отанымыз – Қазақстан Республикасына деген сүйіспеншілігін арттыруға тәрбиелейді. Ол еліміздің түрлі этностарының тілдері мен дәстүрлері туралы білімдерін кеңейтуге ықпал етеді.
Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әрбір азаматтың үш тілді білуін тіл саясатының маңызды бағыты ретінде айқындады.
Қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде, орыс тілі – ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілі «жаһандық экономикаға ойдағыдай кірігу» үшін қажет.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Болашақта ұлтаралық қатынас тіліне айналатын қазақ тілін» жедел дамыту жөніндегі стратегиялық міндетті атап өтті.
Ал еліміздің азаматтары орыс тілін жоғары деңгейде білуі керек. Біздің елімізде тіл саясатының тиімді нормативтік-құқықтық негіздері құрылғаны белгілі.
Этностар арасында мемлекеттік тілді үйрету Ассамблея жұмысындағы басты бағыт болып табылады. ҚХА бұдан әрі де бұл мәселеге баса назар аудара бермек. Осы мақсатта Ассамблея қазақ тілін еркін меңгерген түрлі этнос өкілдерінің қатысуымен «Ұлы Даланың ұлтаралық тілі» форумын өткізіп тұрады», деді Жансейіт Қансейітұлы.
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Этносаралық қатынастарды дамыту комитеті төрағасының орынбасары Е.К.Үйсімбаев өз кезегінде «Тіл саясаты – көпэтносты мемлекет пен ашық азаматтық қоғамның тұрақты дамуының маңызды факторы ретінде Қазақстандағы барлық этностардың өзара сыйластығы мен заңдылық қағидаттарына негізделгеніне» тоқталды.
«ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының көреген саясатының бастауымен еліміздегі барша ұлт өкілдерінің ана тіліне ешқандай нұсқан келтірілмей, мемлекет қолдауымен өркендеп дамуда.
Тіл байлығы – әрбір елдің ұлттық мақтанышы. Ол атадан балаға мирас болып қалып отыратын баға жетпес мұра. Демек, әр адам ана тілін қорғауға, оны сақтауға үлкен жауапкершілікпен қарауға міндетті деп санаймын», деді ол.
Онлайн конференция барысында қатысушылар Қазақстанда тілдерді дамытудың өзекті мәселелерін талқылап, Қазақстан этностарының тілі мен мәдениеті дамуының негізгі бағыттары бойынша пікір алмасты.