30 қар, 2023 сағат 12:12

Алматылық хостелдегі өрт куәгері оқиға туралы айтты

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Алихан Сариев

Алматыдағы хостел тұрғыны қайғылы оқиғаның куәгері болған. Ол оқиға туралы айтып берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz сайты.

Владимир әкімші болып жұмыс істеген әйелімен хостелде тұрған.

"Түтін жайылғанда ояндық. Біздің бөлме жоғарғы қабатта, бірінші қабатта, есікке жақын еді. Мен - жергілікті тұрғынмын, әйеліммен хостелде тұрғанмын. Ол әкімші болып жұмыс істеді, кезекшілікте болатын. Әйелімді ғимараттан алып шықтым. Бетімді дымқыл шүберекпен жауып, басқа қонақтарды бірінші қабаттан шығаруға көмектестім. Мен тек түтінді көрдім, бірақ төменгі қабаттан жүгіріп шыққандар отты көрген. Қаза болғандар - негізінен төменде тұрғандар. Мен өртсөндірушілерден газға қарсы құрылғы сұрадым, бірақ маған бермеді. Мүмкін мен төменгі қабаттағы адамдарды тезірек тауып, біреуді құтқарар ма едім, өйткені мен ондағы бөлмелерді жақсы білемін", - деді Владимир.

Куәгердің айтуынша, жатақханада 50-ден аса адам тұрған, олардың көпшілігі - Алматыға жұмыс істеуге келген Қазақстан азаматтары. Онда студенттер мен шетел азаматтары да тұрған. 

"Менің ойымша, бір студент сол жерде қайтыс болды, қалғандары - жұмысшылар. Дабыл қағылды, бірақ одан не пайда, тек дыбысы шығады. Менің ойымша, өрттің шығуына электр сымдары себеп болды, ол кернеуді көтере алмады", - деп қосты ер адам.

Алматы әкімдігі мәліметінше, хостелде тұратындар арасында Пәкістан мен басқа да елдердің азаматтары бар.

"Қаза болғандардың жеке басына қатысты мәліметтер анықталғаннан кейін беріледі", - деп хабарлады Алматы әкімдігі.

Еске сала кетейік, 30 қарашада таңертең Алматыда Әди Шәріпов көшесіндегі хостелде өрт шығып, алдын ала мәлімет бойынша 13 адам қаза тапты.


Фото: Tengrinews.kz