26 шіл, 2021 сағат 17:09

Алуа Жолдыбалина: Әкім сайлауында әйел үміткерлер белсенді болды


Ауыл әкімдерін сайлау – Орталық Азияның ешбір елінде болмаған тәжірибе. Қазақстан Президент жанындағы Стратегиялық зерттеу институты директорының орынбасары Алуа Жолдыбалина кешегі сайлау осы ерекшелігімен тарихта қалатынын айтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«25 шілде Қазақстанның тарихында тағы бір айтулы күн болып тарихқа енеді. Себебі Орталық Азия мемлекеттерінің арасында бірінші болып мемлекеттік басқарудың ең төменгі сатысында сайлау өткіздік. Бұл Орталық Азияның ешбір елінде болмаған тәжірибе», - дейді сарапшы. 

Сондай-ақ, ол әкімдер сайлауы былтыр қабылданған саяси реформалардың нәтижесі әрі жалғасы екенін еске салды. 

«Мысалы, Мәжіліс сайлауына үміткерлерді ұсыну тәртібіне әйел адамдар мен жастарға 30 пайыздық квота енгіздік қой. Бұл жерде ондай квота болмағанымен, бірнеше аймақтағы үміткерлердің тіркелуін талдау кезінде әйел адамдардың белсенділігін көрдік. Ақмола, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Атырау облыстарында әйел үміткерлердің белсенділігі 30 пайыз шамасында болғанын көрдік. Яғни Парламент сайлауындағы әйелдер белсенділігі әкім сайлауына да әсер еткен. Әйел адамдардың депутаттыққа емес, әкімдікке үміткер ретінде тіркелуі өте жақсы тенденция», - деді ҚСЗИ өкілі. 

Оның пайымынша, әкім сайлауы өңірлердегі саяси мәдениеттің әркелкі екенін көрсеткен. 

«Менің байқағаным, өзін-өзі ұсынушылардың үлесі көп болды. Бірақ аймақтық ерекшеліктер бар. Ақтөбе, Жамбыл облыстарында өзін-өзі ұсынғандарды үлесі керісінше аз болды. Ал саяси партиялар көбірек үміткер ұсынды. Тағы бір ерекшелік, Атырау, Жамбыл облыстарында бір орынға орта есеппен 3,6 кандидаттан келді. Демек, бәсеке жоғары болған», - деді Алуа Жолдыбалина. 

Сарапшы ауыл әкімдерін сайлаудың алғашқы кезеңі сәтті өтті деуге болатын алғышарттарды атады. 

«Кешегі сайлауға жұрттың қатысу деңгейі жоғары болды. 90 пайызға дейін жеткен өңірлер бар. Ең төмен көрсеткіштің өзі 75 пайыздың айналасында. Осылай болатыны болжанды да. Өйткені Парламент сайлауында да, Президент сайлауында да ауыл халқы қалалықтарға қарағанда өте жоғары деңгейде қатысады. Байқаушылардың мәліметі бойынша, сайлау кезінде сондай бір өрескел заң бұзу тіркелмеген. Сондай-ақ, қандай да бір арандатуға бағытталған әрекеттер, жалған ақпарат тарату болған жоқ. Осының бәрін ескеретін болсақ, кешегі әкім сайлауының алғашқы кезеңі сәтті өтті деп айтуға болады», - деді ҚСЗИ директорының орынбасары.