11 мау, 2025 сағат 12:14

Әрбір 8 секунд сайын бір адамның өмірін жоғалтуына тең


Фото: baq.kz

Парламент Мәжілісінің депутаты Дәулет Мұқаев ҚР Денсаулық сақтау министрі А.Ш. Әлназарова депутаттық сауал жолдап, бүйрек ауруы көбейіп жатқаны туралы мәселе көтерді. "Ол бұл үрдісті уақтылы тоқтатпасақ, келешекте елімізде денсаулық сақтау жүйесіне және экономикаға түсетін ауыртпалық едәуір артады" деп отыр. Бұл туралы Ult.kz хабарлайды.


"Экономикалық тұрғыда айтатын болсақ гемодиализ алып жатқан әрбір адамға жылына 5,6 млн теңгеден асып жығылса, барлық диализ алатын адамдарға (шамамен 12 000-нан асады) жылына 67 млрд теңгеден аса қаражат жұмсалады. Бұл ауру көбінесе алдын алуға болатын қауіп факторларымен байланысты: қант диабеті, артериялық гипертензия, семіздік. 2019 жылғы деректерге сәйкес, жоғары қан қысымы, глюкозаның жоғарғы деңгейі және дене салмағының жоғарылығы — созылмалы бүйрек ауруының негізгі себептері болып отыр. Мәселен, гипертониямен өмір сүретін адамдар саны 1990 жылдан 2019 жылға дейін екі есе өсіп, 1,3 миллиард адамға жетті, ең қорқыныштысы олардың 50 пайызынан көбі өзінің қан қысымы жоғары екенінен бейхабар. Қант диабетімен ауыратын 537 миллион адамның 40%-ында созылмалы бүйрек ауруы дамиды. 
Бұл тенденциялар Қазақстан үшін де өзекті болып отыр, себебі елімізде диабетпен және гипертониямен ауыратындар саны жылдан жылға артуда. Бүгінгі таңда біз бұл мәселеге тек медициналық тұрғыдан емес, стратегиялық тұрғыдан қарап, жүйелі алдын алу шараларын қабылдауымыз қажет", - дейді депутат. 


2021 жылы бүйрек ауруларынан 4 миллион адам қайтыс болды, бұл әрбір 8 секунд сайын бір адамның өмірін жоғалтуына тең келеді. Әлемде созылмалы бүйрек ауруынан зардап шегіп отырған адамдардың саны 850 миллионнан асады, яғни Жер шары халқының 10%-дан астамы осы дертке шалдыққан. Аталған дерт әсіресе егде жастағы адамдарда, әйелдерде, қант диабеті және гипертониямен ауыратындарда жиі кездеседі. 

Созылмалы бүйрек ауруы таралуының өсуі Қазақстанға да әсер етуде. Қазақстанда әрбір оныншы тұрғын бұл ауруға шалдығады, бірақ жетеуінің біреуіне ғана созылмалы бүйрек ауруы диагнозы қойылады. Бүгінгі таңда бүйрек трансплантациясына кезекте 3600-ге жуық қазақстандық, оның ішінде 80-нен астам бала тұр.

Депутат Мұқаев созылмалы бүйрек ауруын ерте анықтау және профилактикалық тексерулерді тегін скринингке енгізу керек деп есептейді. Сонымен қатар тиісті министрден ол алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету ұйымдарында диабет пен гипертонияны басқару бағдарламаларын күшейтуді, қоғам арасында дұрыс тамақтану мен физикалық белсенді өмір салтын насихаттау мақсатында кешенді ақпараттық кампаниялар жүргізуді, нефрологиялық қызметті дамытудың ұлттық стратегиясын әзірлеуді және денсаулық сақтау жүйесінде созылмалы бүйрек ауруы бойынша мәліметтерді жинау мен сараптаудың цифрлық жүйесін жетілдіру бойынша ұсыныс тастады.