Фото: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі
Астанада ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен Түркі мәдениеті және мұрасы қоры кеңесінің ІІ отырысы ұйымдастырылды, деп хабарлайды Ult.kz.
ҚР Ұлттық музейінде өткен жиынға Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлова, Түркі мемлекеттері ұйымының бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев, сондай-ақ мүше елдердің Мәдениет министрлері қатысты.
Отырыс барысында «Түркі әлемінің келешегі – 2040» стратегиялық құжатындағы түркі мемлекеттері басшыларының тапсырмалары аясында түркі мәдени мұрасын сақтау, зерттеу және халықаралық деңгейде насихаттау бойынша маңызды қадамдар талқыланды.
Аида Балаева қордың мәдени және тарихи ескерткіштерді қорғауда маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Министр тарихи мұраларды сақтаудың өзектілігіне тоқталып, реставратор мамандарды даярлау қажеттігін айтты. Ол Түркістан қаласында реставраторларды оқыту жобасын жүзеге асыруды ұсынды. Бұл жоба мамандар арасында тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, биыл «Ботай және Тұран – түркі әлемінің негіздері» тақырыбында семинар-тимбилдинг өткізу жоспарланғаны хабарланды.
Ақтоты Райымқұлова кеңес барысында қордың 2024 жылғы жұмысы туралы баяндама жасап, 2025-2026 жылдарға арналған іс-қимыл жоспарын таныстырды.
Іс-шара аясында ҚР Ұлттық музейінде «Тіл – ізгіліктің бастауы: Диуан луғат әт-түрк» атты халықаралық көрменің ашылу рәсімі өтті. Көрме түркі халықтарының өркениетке қосқан үлесін айшықтап, энциклопедиялық «Диуан луғат әт-түрк» сөздігінің 950 жылдығына арналды.
Айта кетейік, 2025 жылы Түркі мәдениеті және мұрасы қоры кеңесіне Қазақстан төрағалық етеді. Бұл кездесу түркі елдерінің мәдени ынтымақтастығын дамытудағы маңызды қадам болды.