06 қаз, 2023 сағат 16:16

Астанада жүргізуші жасөспірімді қағып, оқиға орнынан қашып кеткен

Фото: tandret/Freepik

Астанада жеңіл көлік жүргізушісі мектеп маңында кәмелетке толмаған жасөспірімді қағып, оқиға орнынан қашып кеткен, - деп хабарлайды Tengrinews.kz сайты.

Оқиға туралы хабарлама астаналықтар чатында тарап кетті. Ақпаратта жасөспірімнің ата-анасы оқиғаның куәгерлерін іздеп жатқаны туралы айтылған.

ПД мәліметінше, оқиға 28 тамызда сағат 14:03 шамасында №88 мектеп-лицейінің жанында болған.

"Жүргізуші № 88 мектеп-лицейінің көлік тұрағы аумағында Е-321 көшесімен келе жатып, жолдың оңнан солға қарай бағытында өтіп бара жатқан 2008 жылы туған кәмелетке толмаған жаяу жүргіншіні қаққан. Жол-көлік оқиғасынан кейін жүргізуші оқиға орнынан қашып кеткен", - деп хабарлады полицияның баспасөз қызметі.

Жол-көлік оқиғасы салдарынан кәмелетке толмаған жаяу жүргінші зардап шегіп, Астананың №2 көпсалалы қалалық балалар ауруханасына жеткізіліп, дәрігерлердің қарауынан кейін шығарылған.

"Тексеру барысында полиция қызметкерлері 1972 жылы туған жүргізушіні ұстады. Toyota Camry автокөлігі Астана коммуналдық тұрағына қойылды. Қазіргі уақытта куәгерлерді анықтау және сауалнама жүргізіліп жатыр", - деп толықтырды құқық қорғау органдары.