Фото: Stan.kz
Астанадағы лифтте пышақ жарақатын алған 5 жасар баланың өмірін дәрігер көршісі құтқарып қалған, деп хабарлайды Stan.kz.
Бұған дейін Астанадағы тұрғын үй кешендерінің бірінде кәмелетке толмаған жасөспірім лифт ішінде 5 жасар балаға шабуыл жасап, бірнеше пышақ жарақатын салғаны туралы жазған едік. Қылмыстан кейін жасөспірім оқиға орнынан қашып кеткен.
Зардап шеккен баланың анасы бірден көмек сұрап дәрігер болып жұмыс істейтін көршісіне жүгінген. Көршісі – Астанадағы №1 қалалық аурухананың дәрігері, 13 жылдық тәжірибесі бар хирург-эндоскопист Жандос Ахнаев болып шықты.
Дәрігер шұғыл әрі кәсіби түрде алғашқы медициналық көмек көрсетіп, қан кетуді тоқтатып, жедел жәрдем бригадасы келгенше баланың жағдайын тұрақтандырған.
Осыдан соң бала ауруханаға жеткізіліп, онда оған ота жасалып, қазір қажет медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Дәрігерлер баланың жағдайы тұрақты, орташа ауыр екенін айтады.
Депутат Асхат Аймағамбетов бұл сұмдық жағдай кешенді шешімдер қабылдау керегін айтады.