06 жел, 2022 сағат 14:57

Астанадан Жезқазғанға бағытталған пойызда сәби дүниеге келді


Астанадан Жезқазғанға бағытталған пойызда сәби дүниеге келді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz агенттігі.

Әлеуметтік желіде пойызда түсірілген жаңа туған нәресте мен ананың видеосы тарады. Басылым Астана мен Жезқазған арасындағы пойызда жас келіншектің қыз босанғанын, әйелді пойыз бастығының өзі босандырып алғанын жазған.

"Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ баспасөз қызметі 5 желтоқсанда сағат 11:17-де Қарағанды ​​- Жезқазған учаскесінде Астана - Жезқазған бағытындағы №66 жолаушылар пойызының бригадасы әйелді босандырып алғанын растады.

"Күйеуімен бірге Қарағандыдан Жезқазғанға бара жатқан жүкті жолаушының жолда толғағы басталды. Вагонда босанған әйелге көмек көрсету үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған. Пойыз бастығы Индира Құлмаханова пойыз бригадасы нұсқаулыққа сәйкес жұмыс істеп, жақын маңдағы станцияға жедел жәрдем шақырылғанын айтты", - деп хабарлады компания.