26 сәу, 2022 сағат 21:20

Аттракциондағы өлім: компанияның барлық қызметкерлері бейресми жұмыс істеген


Қарағандыда биіктен секіруді ұйымдастырған фирманың бірде-бір қызметкері ресми түрде жұмыс істемеген. Бұл туралы 34 жастағы Евгения Леонтьеваның қайтыс болуна қатысты қылмыстық іс бойынша соттың кезекті отырысында белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қарағандыда Қазыбек би аудандық сотында 34 жастағы Евгения Леонтьеваның қаза болғаны туралы іс бойынша сот отырысы жалғасуда. Іс материалдарынан белгілі болғандай, «Fly Қазақстан» фирмасының директоры Илья Ильичев өз ЖШС-ін 2021 жылдың жазында тіркеген. Компания биіктіктен секіруді жүзеге асырғанына қарамастан, барлық қызметкерлер онда бейресми жұмыс істеген. 

Қайғылы оқиға кезінде компанияның иесі Илья Ильичев Ресейде болған. Ол кезде ол анасын жерлеуді ұйымдастырғанын жеткізген. Алайда осыдан кейін де «Fly Қазақстан» директоры Қазақстан аумағына оралмаған. Қзаргі таңда Қазақстан полициясы оған халықаралық іздеу жариялады.

Бүгінгі сот отырысында айыпталушы Александр Музникас пен фирманың тағы бір қызметкері «Fly Қазақстанда» бейресми жұмыс істегендерін мойындады. Олар жалақысын картаға аудару арқылы немесе Екатерина Савицкаядан алып отырғандарын жеткізді. 

Алайда әкімші қызметін атқарған Екатерина Савицкая бұл компанияда жұмыс істегенін мойындамай отыр. Ол Илья Ильичевпен достық қарым-қатынаста болғандықтан, тек әлеуметтік желілерді жүргізуге көмектескенін және ол үшін ақша алмағанын айтады.

Сондай-ақ, отырыс барысында нұсқаушылардың арнайы дайындығы және оқыту туралы тиісті сертификаттары болмағаны белгілі болды. Бүгінгі процессте 5 техник-нұсқаушылардың бірі Лев Глуховский жауап берді.

Оның айтуынша, ол «Fly Қазақстанға» қызметкерлерді қабылдау туралы хабарландыру бойынша орналасқан. Илья Ильичевте екі айлық тағылымдамадан өткенін айтады. Бірақ арнайы білім алғаны туралы ешқандай құжатты қолына алмаған. 

Секіру кезінде клиентпен 3 нұсқаушы жұмыс істейді: жоғарыда біреуі және төменде екеуі. Жоғарыдағы нұсқаушының міндеті клиенттерді секіруге дайындау, арнайы белбеулерді тағу, ауызша нұсқау беру және сигналды күткеннен кейін адамдарды секіруге жіберу болған.

Жердегі нұсқаушылардың да өз міндеттері бар. Олардың бірі тежегіш жүйесін ағашқа бекітіп, клиенттің жайлы түсуін қадағалау болса, екіншісі жоғарыдан секірген адамдарды қарсы алып, олардың белбеулерін шешуі керек. Сол күні Лев Глуховский тежеу жүйесін бекітумен айналысқан. 

Глуховскийдің айтуынша, сол күні Александр Музникас Евгения Леонтьеваның салмағын хабарламаған және оның сигналын күтпестен клиентке секіруге рұқсат берген. Александр Музникас өз кезегінде Глуховский жұмыс орнын тастап кеткенін, сондықтан кабельді байлап үлгермегенін айтты.

Еске сала кетейік, қайғылы оқиға өткен жылдың 10 қазанында орын алған болатын. 

Сотталушы орындығында роуп-джампинг нұсқаушысы отыр. Оған Қылмыстық кодекстің 306-бабының 3-бөлігі (Абайсызда адам өліміне әкеп соққан, тұтынушылардың өмірі мен денсаулығы қауіпсіздігінің талаптарына сай келмейтін жұмыстарды орындау не қызметтер көрсету) бойынша айып тағылды.

Бұл іс бойынша келесі отырыс 5 мамырда өтеді.