26 сәу, 2022 сағат 22:30

Атырау қаласының маңында балықтың қырылу себебі айтылды


Атырау қаласының маңында балықтың қырылу себебі туралы айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бүгін, 26 сәуірде Атырау қалалық әкімдігіне қарасты Қайыршақты ауылдық округіндегі Безымянный көлінде балық қырылған. 

Аталған су айдынына арнай құрылған комиссия құрамында «Жайық-Каспий» облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының инспекторлары жіберілді. 

Инспекторлар балықтың әлсіреген күйде қайраңға шығып қалғанын анықтады.

«Балықтың қырылуына қайраң жерге шығып қалғаны себеп болуы мүмкін. Әлсіреген балықтарды құтқару жұмыстары жүргізілді. Соңғы бес күн бойы Безымянный көліне су келіп жатыр. Бірақ, балықтың өлу дерегі тіркелмеді. Өлген балықтарды санитарлық талапқа сай жою қолға алынды», -дейді инспекция басшысы Нұрлыбек Гайсин.

Облыстық балық шаруашылығы басқармасының басшысы Артур Сәдібекұлының мәліметінше, көктемде балықтар уылдырық шашу үшін қолайлы өріске шығады.

Бүгін қырылған балық канал аузына келіп тіреліп қалған. Қазір қаракөз балығының 65 келі өлі шабағы жиналған. 

«Қазір балықтардың уылдырық шашу орнына еркін кіруі үшін Қайыршақты округі аумағынан 800 метр канал қазылды. Каналдың тереңдігі – шамамен 1 метр. Мамандар өлген балықты жинап алды. Өлген балық санитарлық талаптарға сәйкес көму жолымен жойылады. Тірі балықтар сүзіліп, Жайық өзеніне жіберіледі», -деді Артур Сәдібекұлы.