23 қаң, 2022 сағат 11:29

Australian Open: Анна Данилина ширек финалға шықты


Жұптық сында Қазақстанның бірінші ракеткасы Анна Данилина Аустралия ашық чемпионатының ширек финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткендей, А.Данилина бразилиялық Беатрис Хаддад Майямен бірге үшінші айналымда испаниялық Алена Большова – норвегиялық Ульрикке Эйкеримен шеберлік байқасты. 

Испаниялық-норвегиялық жұп бірінші партияда 6:4 есебімен басымдық танытты. 

Екінші сетте Беатрис пен Анна есе қайырды – 6:3. Үшінші, шешуші партияда 1:4 есебімен жеңіліп жатып, таразы басын теңестіре білді. Содан кейін тай-брейкте жеңісті жұлып алды – 7:6 (10:5).

Қазақстандық-бразилиялық жұп 2 сағат 34 минутқа созылған тартысты матчта 1 эйс жасап, 14 брейк-пойнттың алтауын өз есептеріне жазды. Қарсыластары 2 эйс, 6 брейкпен (9 брейк-пойнт) ерекшеленді.

Анна мен Беатрис жартылай финалға шығу үшін швециялық Ребекка Петерсон – ресейлік Анастасия Потаповамен таласады.