26 шіл, 2021 сағат 13:03

Әйелін ұрып-соғатын еркектер татуласу мүмкіндігінен айырылады



Ішкі істер министрі әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Алексей Милюк тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген әйелдердің көп жағдайда арызын қайтарып алатынын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.


Оның сөзінше, қазір Қазақстанның қолданыстағы заңнамасына сәйкес полиция жәбірленушінің өтініші бойынша ғана әкімшілік іс қозғай алады.


"Біз жәбірленуші психологиялық және қаржылық жақтан күйеуіне тәуелді болғандықтан істі әрі қарай тексеруден бас тартып, онымен татуласатынын түсінеміз. Ішкі істер органдарына барлығы 190 мыңға жуық арыз келіп түсті, оның төрттен бірі ғана әкімшілік өндіріске алынды. Ал қозғалған әкімшілік өндірістің 60%-і тараптардың татуласуына байланысты тоқтатылды", - деді Алексей Милюк.


Соған байланысты министрлік тұрмыстық жанжал кезінде тараптардың татуласу мүмкіндігін қайта қарап жатыр.


"Келешекте тұрмыстық зорлық-зомбылық фактісі қайталанған жағдайда татуласу мүмкіндігін толығымен жоюды жоспарлап отырмыз", - деді ол.


Сонымен қатар Алексей Милюк кейінгі алты айда Қазақстанда отбасылық құқық бұзушылық 8%-ке азайғанын мәлімдеді.


Тұрмыстық жанжалдың тең жартысы мас күйде жасалады, ал тұрмыстық құқық бұзушылыққа қатысты ұсталғандардың 80%-нің тұрақты жұмыс орны жоқ.