Фото: aigak.kz
2024-2025 жаңа оқу жылының басталуына да аз уақыт қалды. Тауар бағасы жылдан жылға көтеріліп, ата-аналар мектеп құралдарының шығыны артып жатқанын айтып шағымдануда. Биылғы жылы елорда дүкендерінде баға қалай өзгергенін ULT.KZ тілшісі анықтап көрді.
Мектепке ең қажетті сатып алулар тізіміне біз Қазақстанда ресми бекітілген стандарт бойынша мектеп формасы, аяқ киімдер, рюкзак және кеңсе тауарларын алдық.
Айта кетейік, жоғарғы сынып және төменгі сынып оқушыларына қажетті құрал-жабдықтың түрі мен киімнің өлшеміне байланысты шығын әр түрлі болғандықтан, біз бастауыш сынып оқушыларына арналған тауар құнын қарастырдық.
Сондай-ақ, бұл шығынға күн суытқанда киетін бәтеңке, куртка, бас киім сияқты шығындарды, мұғалімге беретін гүл шоғы, жейденің ішінен киетін майка, носки мен гольфи, қыздардың шашына тағатын резинка, қыстырғыш сияқты ұсақ-түйек шығындар, балалардың үйдегі қажетті құралдары (сабақ оқитын үстелі мен орындығы, кітап сөресі, үстел шамы, қалам-қарындаштарды салатын органайзер) кірмеді, бірінші сыныпқа баратын балалардың тілашар тойы да бұл шығынға жатпайды.
Қажетті құралдар мен киім-кешектерді елдегі танымал балалар тауарларын сататын дүкендердің сайттарынан қарастырып көрдік. Атап айтқанда: Детский мир, Kari kids, DeFacto, Orchestra, Ostin-нің Астанадағы дүкендеріндегі бағаны сараптап, салыстырдық.
Ескере кетейік, Статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, Қазақстан Республикасы бойынша атаулы жалақының орташа мәні 2024 жылғы I тоқсанда 382 279 теңгені құрады. 2023 жылдың тиісті тоқсанына қарағанда өсім 12,3%, нақты мәнде – 2,7% болды. Жалақының медианалық мәні (жалақы қатарының орталық деңгейі) 2024 жылғы I тоқсанда бағалау бойынша 251 997 теңгені құрады.
Мемлекеттік стандарт бойынша ұлдардың мектеп формасы: пиджак, кеудеше, шалбар, мерекелік жейде, күнделікті жейде, не түймелері бар немесе сыдырмалы тоқылған күрте/кардиган, поло жейде немесе тенниска (қысқы мезгілде: трикотаж жилет, водолазка). Ұлдарға арналған шалбарлар еркін тігілген және ұзындығы бойынша тобықты жауып тұрады.
Мектеп формасы: 13000-30 000 теңге аралығында
Ақ түсті жейде: 4000-15000 теңге шамасында
Ақ түсті поло жейде: 4000-9500 теңгедей тұрады
Мектепке киетін шалбар: 7000-13000 теңге аралығында
Кеудеше: 5000-10000 теңге аралығында
Тоқыма кардиган: 10000-18000 теңге шамасында
Галстук: 6000 теңге аралығында
Туфли: былғарыдан тігілгені – 25000 теңге, жасанды былғарыдан тігілгені - 7500 теңге шамасында.
Фото: Балалар дүкенінің скриншоты
Қыздардың мектеп формасы: пиджак, кеудеше, белдемше, шалбар, классикалық жейде, не түймелері бар немесе сыдырмалы тоқылған күрте/кардиган, поло жейде немесе тенниска (қысқы уақытта: трикотаж жилет, сарафан, водолазка). Қыздарға арналған шалбарлар еркін тігілген және ұзындығы бойынша тобықты жауып тұрады.
Мектеп формасы: 24000 теңге
Сарафан: 10000-22000 теңге шамасында
Жейде: 6000-19000 теңгедей тұрады
Белдемше:6000-20000 теңге шамасында
Шалбар: 10000-24000 теңге аралығында
Кеудеше: 4500-13000 теңге аралығында
Тоқыма кардиган: 6000-8000 теңге шамасында
Ақ түсті бант: 1000-1500 теңге теңге аралығында бағаланады
Туфли: былғарыдан тігілгені – 25000 теңге, жасанды былғарыдан тігілгені -10000 теңге шамасында.