20 мам, 2024 сағат 16:46

Банктен депозит ашарда неге мән беру керек?

Фото:banki.ua

Банктен депозиттік шот ашқан кезде алдымен депозиттік шотты қандай мақсатта ашатыныңызды анықтап алыңыз. Кез келген уақытта ақшаны шешіп ала алатын шот керек пе, әлде жинақтық пайызыңыз жоғары болғаны жөн бе?


Егер сіз қомақты ақша жинап, оның үстінен белгілі бір мөлшерде табыс тапқыңыз келсе, бірақ қажеттілікке қарай қалаған уақытта қаражатыңызды шешіп алуға мүмкіндігіңіз болғанын қаласаңыз, онда – мерзімсіз салымды таңдаңыз. Әдетте мұндай депозиттің түрін «күтпеген жағдайға» деп ашады. 

Ал мерзімді салымды белгілі бір мақсат үшін ашады. Мысалы үй аламын, көлік аламын, саяхатқа жұмсаймын деген сияқты мақсаттарға ақша жинап, үстінен түсетін пайыздық сыйақыдан табыс та табады. Бірақ мерзімінен бұрын қаражатты шешіп алатын болсаңыз, сыйақыдан қағыласыз. 

Сонымен қатар, толықтырылатын және толықтыруға келмейтін депозиттер де болады. 

Егер барынша тиімді мөлшерлеме есебінен тезірек ақша жинағыңыз келсе – толықтыруға болатын жинақ депозитті таңдаңыз.
Егер еш тәуекелсіз, ең тиімді шартпен капитал инвестициялау мақсатыңыз болса, онда толықтырылмайтын жинақ депозитті сіз үшін тиімді.

Ескеріңіз! Мерзімді және жинақ салымдар бойынша мерзімінен бұрын ақша алу қарастырылмаған. Есесіне оларға жоғары сыйақы мөлшерлемесі есептеледі.

Скрин: ҚДКБҚ ресми сайтынан

 Қазақстанның Депозиттерге Кепілдік Беру Қоры мерзімсіз салымдар бойынша ең жоғары мөлшерлеме Қазақстанның Ұлттық Банкінің базалық мөлшерлемесі негізінде, ал мерзімді және жинақ салымдар бойынша - нарықтық мәндер негізінде есептеледі дейді.

Қазақстанның Депозиттерге Кепілдік Беру Қоры мерзімсіз, мерзімді және жинақ салымдар бойынша ең жоғары мөлшерлемелерді ай сайын жариялайды. Олар өзгеріп отыруы мүмкін. Бірақ сіздің депозитіңіздің пайыздық мөлшерлемесі депозит ашқан уақыттағыдай болып қалады. Тек депозиттің мерзімі біткенше немесе жаңа мерзімге ұзартқанша өзгермейтінін білгеніңіз жөн.