16 мау, 2025 сағат 17:09

Басқа буын немесе «Azia» мен «Melomen-нің» хит әндері Астанада қалай шырқалды?

15 маусым күні Астанадағы амфитеатрда «Azia» және «Melomen» топтарының концерті өтіп, көрермендер ерекше әсермен қайтты. Ал бізге сұхбат берген «Azia» тобының әншісі Ренат Басит  жас әншілерді түсіну мүмкін емес, олар басқа буын деп есептесе, «Melomen» тобының өнерпаздары уақыт өте әнге талғамдары өзгергенін айтады.

Ult.kz тілшісі концертті тамашалап, өнерпаздармен сұхбаттасып қайтты.

Концерттік бағдарлама Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымы ұсынған «GRAND FEST» музыкалық фестивалі аясында өтті. 

Хит әндер шырқалған кеш

«Azia» және «Melomen» топтары кең аудиторияның сүйіспеншілігіне бөленген хит әндерді орындап, есте қалар көңілді кеш ұсынды.

Концерттік бағдарламада «Ғажайып күй», «Жаным», «Опмай-опмай», «Қандайсың қандай», «Сүйгенім бол», «О, махаббат», «Арман шағала», «Сен мені күт» сынды туындылар шырқалады. Еріксіз билегің келетін әндер де, әр өлең жолы жатталып қалған бәріне таныс шығармалар да ұсынылады.

Бұл әндердің алғашқы әуенінен-ақ, сан естелік жадымызда жаңғырып қоя береді. Бір кездері мектеп кешінде жүректі тербеткен, көлік терезесінен көз салып, қиялға жетелеген, ал кейде үнсіз серік болған сол бір әндер...

Жұртпен бірге амфитеатр сахнасын қоршаған субұрқақтар да билеп, түрлі-түске боялып сала берді. Бұл концерттің энергиясын күшейтіп, қыздыра түскендей.

«Melomen» тобына биыл 16 жыл. Осы уақытқа дейін жарыққа шыққан әндердің ішіндегі халықтың жүрегінен шыққан, жақсы көретін, ел білетін, сұранысқа ие, «осы ән арқылы біз Melomen-ді танимыз» дейтін 10 хит әнді осы концертте орындадық. Атап айтсақ, «О, махаббат», «Арман шағала», «Сүйгенім бол» сияқты әндер орындалды. Жалпы біздің қоржынымызда жүзден астам ән бар», ‒ дейді «Melomen» тобының әншісі Ролан Қазретов.


Амфитеатрдың сахнасын жандырған әншілердің таныс та, танымал әндерін тыңдаған жұрт орындарынан тұрып билеп, қосыла ән шырқап, мәре-сәре болып жатты. Олардың арасында ғажап әсерлерін фото-видеоға таспалап алып жатқандары да болды.

Концерт көрермені Айнұр Қуатбекова өнерпаздардың әндерін тыңдап, студент кезін есіне алып, ностальгиялық күймен қайтқанын айтады.

«Өте көңілді, тамаша кеш болды. Жігіттермен қосылып ән де айттық, би де биледік. Студент кезімде «Azia» тобының ең алғашқы концертіне барғанмын. Ол кезде жаспыз. Қыздармен күліп-ойнап, тамаша көңіл күймен Алматыдағы Республика сарайынан жатаханаға қайтқанымыз есімде. Қазір міне жиырма жылдан кейін қайта сол сезімді бастан кешіп отырмын. Сол үшін осы шараны ұйымдастырушыларға алғыс айтамын. Бүгін Астанада ауа райы да тамаша болып тұр. Табиғат әдейі біз үшін жағдай жасап қойғандай», ‒ деп сезімімен бөлісті көрермен.



«Өз репертуарымыздағы хит болған әндердің барлығын айттық. 21 жылда шыққан әндердің арасынан халықтың жүрегіне жеткен, сүйіп тыңдайтын «Ғажайып күй», «Махаббат аралы»,  «Опмай-опмай» сияқты әндерді орындадық», ‒ дейді «Azia» тобының әншісі, Қазақконцерттің Алматы филиалының директоры Ренат Басит.


«Біз оларды түсіне алмаймыз»

10 ‒ 20 жылдан артық сахнада жүрген жігіттердің әнін еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін сүйіп тыңдап, қосыла шырқап, қошемет білдіріп жатты. 

Ал сахнаға жаңа келген жас әншілер туралы 21 жыл сахнада жүрген Ренат Басит не ойлайды? 

«Біз оларды түсіне алмаймыз. Олар бізді ғана емес, үлкен буынның бәрін басып тастады. Біз солардың арасынан «Опмай-ды» шығарып, бірдеңе қылып жүрміз ғой әйтеуір. Ал жаңа буын қандай өлең жазады, мүлдем тартпайды. Өйткені мүлдем басқа буын келді. Олар түсініксіз. Бірақ жақсы жағынан. Соларға қарап, үлкен буын да өзгеріп, дамып жатыр. Біздің жастарымызды шетел тыңдап жатыр», ‒ дейді Ренат Басит.  


«Azia» тобы әлі де жаңа әндер жазып, жас әншілермен коллаборация ұйымдастырып жүр екен. Qanay есімді танымал жас әншімен бірігіп ән де жазыпты. Әнді нақышына келтіріп орындауда, оны өңдеуде тәжірибелі маман ретінде Azia-лықтарда ешқандай мәселе туындамайтынын айтады. Бірақ: 

«Өту проблема. Мысалы бұрын ән жазамыз, бір рет теледидарға шығамыз, біздің әніміз ‒ хит. Қазір қанша ән жазсаң да хит болмайды, өйткені қазір басқаша жұмыс істеу керек. Оны жұмыс істетуге қасыңда 10 адам жүруі керек. Бұрынғыдай өзің жазып, студиода шығара алмайсың», ‒ дейді ол. 


Ал «Melomen» тобының әншілері жасың ұлғайған сайын әнге талғамың да өзгереді деп отыр. Олар қазір әнге талғам мен талапты күшейткендерін айтады. 

«Адамдардың барлығы қателеседі. Дегенмен де «өткенге ‒ өкінбе» дейді ғой. Сондықтан біз еш нәрсеге өкінбей, сабақ аламыз. Бірақ әрине шығармашылығымызды бастаған кезден бері бізде өзгерістер бар. Қателіктермен жұмыс істейміз. Бұрын әнді шетінен жаза беретінбіз, ал қазір саралап-саралап жазамыз. Мүмкін жасың ұлғайған сайын ақылың да толыға ма, сондай сияқты», ‒ дейді «Melomen» тобының әншісі Ролан Қазретов.


«GRAND FEST» фестивалі – елорданың мәдени өміріндегі маңызды оқиғаға айналуды мақсат тұтқан, отандық музыкалық өнерді насихаттауға және қала тұрғындарының мәдени тыныс-тіршілігін байытуға бағытталған жобалардың бірі. Ашық аспан астындағы амфитеатр сахнасы, жанды музыка және жанрлық әртүрлілік - барлығы да түрлі буын өкілдерін өнер айналасына топтастыратын жылы әрі шабыт сыйлайтын атмосфераны қалыптастырады.


Фотолар: «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымы баспасөз қызметінен

Балжан Жеңісқызы