13 мау, 2025 сағат 15:28

Бейбіт күннің батырлары деген атқа лайықсыздар — Қасым-Жомарт Тоқаев дәрігерлерді құттықтады

Фото: Ақорда

Президент жиналған қауымды Медицина қызметкері күнімен құттықтап, осы мерекеге орай дәрігерлермен Ақордада алғаш рет кездесіп отырғанын әрі бұл жиынның мән-мағынасы ерекше екенін атап өтті, деп хабарлайды Ult.kz.

Президент барша медицина мамандарына зор ризашылығын білдіріп, оларды ең қадірлі мамандық иелері деп атады.

"Медицина қызметкерлері – ұлт саулығының сақшылары, ең қадірлі мамандық иелері. Әсіресе, жаһандық індет, яғни, ковид кезінде бүкіл ел дәрігерлердің адал қызметіне куә болды. Күрделі кезеңде медицина мамандары мыңдаған адамды құтқарып қалды. Біз абзал жандардың табанды еңбегін бағалаймыз. Дәрігерлер ота кезінде, аурухана палатасында күн сайын ерлік жасайды десек, артық болмайды. Жедел жәрдем көлігінде адам өміріне араша түсетін сәттер болады. Сондықтан сіздер, құрметті медицина қызметкерлері, бейбіт күннің батырлары деген атқа лайықсыздар. Мен барша медицина мамандарына зор ризашылығымды білдіремін, – деді Мемлекет басшысы.


Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ дәрігерлері қай кезде болсын, ел мүддесін бәрінен биік қоя білгенін, ұлт қайраткерлері Халел Досмұхамедов пен Санжар Асфендияровтың белгілі дәрігер болғанын, олар халқымыздың азаттығы үшін де, саулығы үшін де аянбай күрескенін атап өтті.

"Бүгінде еліміздің денсаулық сақтау саласында 380 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Әр маманның еңбегі орасан зор. Ұлт саулығын сақтауға бүкіл өмірін арнаған тұтас әулеттер бар. Алматыдағы Джувашевтер әулетінен 13 адам медицина саласын таңдаған. Олардың жалпы еңбек өтілі – 375 жыл. Ал Атырау облысындағы Шанаевтар әулетінен 16 дәрігер шыққан. Мұндай еңбек династияларының ғибратты жолы – көпке үлгі-өнеге. Қазір ұлттық медицина саласы қарқынды дамып келе жатыр. Жетістіктеріміз аз емес. Елімізде орташа өмір сүру ұзақтығы 75,4 жасқа жетті. Ана мен бала өлімі шамамен 12 пайызға азайды. Бес жылда 800-ге жуық денсаулық сақтау нысаны, яғни, көптеген емхана мен аурухана салынды. Бұл жұмыс тоқтамайды, мемлекет алдағы уақытта да инфрақұрылымды дамыта береді. Ұлт саулығын жақсарту алғашқы медициналық көмектен басталады. Елімізде ауылдық жердегі медицина жүйесін жаңғыртуға арналған ұлттық жоба жүзеге асырылып жатыр. Бүгінде 469 ғимарат бой көтерді. Жыл соңына дейін тағы 186 нысан салынады. Аудандық ауруханалар заманға сай құралдармен жабдықталып жатыр", – деді Президент.