13 ақп, 2024 сағат 10:12

Биыл 18-ге толатын балаларға Ұлттық қордан 30,6 млн доллар бөлінді


Фото: Kazinform


Ұлттық банк басқарма төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов «Ұлттық қор — балаларға» жобасы аясында биыл 18-ге толатын балаларға қанша ақша аударылғанын айтты, - деп хабарлайды «Ұлт ақпарат» Kazinformға сілтеме жасап.


«Ұлттық қор — балаларға» жобасы аясында бағдарлама операторы саналатын Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры Әділет министрлігінің деректер базасымен балалардың жалпы санын салыстырып тексерді. Барлық балаға валюталық шот ашылды. Өмірге жаңа келген балаға шот ашу процесі автоматтандырылды. Жыл сайын қаражат аудару механизмі әзірленді. Биыл барлық баланың шотына 696 млн доллар есептелді. Осы жылы бағдарлама операторының (Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының) шотына 2024 жылы кәмелет жасына толатын балаларға 30,6 млн доллар аударылды», — деді ол.


Ақылжан Баймағамбетов Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының активтері оң динамиканы көрсетіп тұрғанын атап өтті.


«Ол көрсеткіш қаңтар айында 18,1 трлн теңгеге дейін, 1,5% өсті. Жыл басынан инвестициялық табыс көлемі 112,6 млрд теңге болды. Зейнетақы жарнасы 186,9 млрд теңге, ал жарнаны мерзімінен бұрын алу сомасы 34 млрд теңге болды», — деді Ұлттық басшысының орынбасары.