04 жел, 2021 сағат 14:01

ДДСҰ "омикронмен" байланысты адам өлімі тіркелмегенін айтты


Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) коронавирустың жаңа түрі – "омикрон" анықталған 40 шақты елде аталған штаммен байланысты адам өлімі тіркелмегенін хабарлады.

Дегенмен ұйым 3 желтоқсан күнгі мәлімдемесінде жаңа варианттың қаншалықты жылдам жұғатыны, оның әсері мен вакциналарға ықпалы әлі толық анықталмағанын ескертті.

Әзірге толық емес ақпаратқа қарағанда, Оңтүстік Африкадан тараған коронавирустың жылдам жұғатын варианты бұған дейін тараған штамдарға қарағанда науқастарға жеңіл әсер етуі мүмкін. Дегенмен омикрон жұққан адамдардың кейбірінің ауруханаға түскені жөнінде де ақпарат бар. 

Әлемнің кейбір елдері "дельтадан" әлі толық айыға алмай жатқан шақта омикрон тарап жатыр. Еуроодақтың денсаулық сақтау агенттігі алдағы бірнеше айда науқастардың жартысынан көбін омикрон жұқтырғандар құрайды деп болжайды. 

Қараша айының ортасында анықталып, тарай бастаған омикрон жұқтырғандар соңғы мәлімет бойынша 16 мыңнан асқан. Сарапшылар бұл оның тез тарайтындығынан хабар берсе керек деп топшылайды. Оңтүстік Африка зерттеушілерінің мәліметіне қарағанда, омикрон "дельта" және коронавирустың өзге штамдарына қарағанда үш есе жылдам жұғуы мүмкін.