09 ақп, 2025 сағат 11:43

«Дегенде қандай! Депсің, Мұқа!..»: Әбіш Кекілбаевтың Мақатаев туралы естелігі

Фото: anatili.kazgazeta.kz

Бүгін, 9 ақпанда қазақ поэзиясына ерекше серпін әкелген ақын Мұқағали Мақатаевтың туғанына 93 жыл толды, деп хабарлайды Ult.kz

Мұқағали Мақатаев 1931-ші жылы 9- ақпанда Алматы облысы, қазіргі Райымбек (бұрынғы Нарынқол) ауданының Қарасаз ауылында дүниеге келген. 

Ақынның туған күніне орай жазушы Әбіш Кекілбаевтың естелігін ұсынып отырмыз. 

***

Бір күні таңертең есіктің қоңырауы баж етті. Ашсам – мұнтаздай болып киініп алған Мұқағали тұр.

– Ертелетіп неғып жүрсіз? Амандық па, әйтеуір? – дедім.

Жұмысқа кеткелі жатыр ем. Түрімді көріп, үсті-басымды бір сүзіп өтті.

– Өңкей ілім соққандар. Жаңа бұрыштан айнала беріп, Асқарды көріп ем. Ол да портфелін құшақтап, жұмысқа бара жатыр екен. Сен де сықиып тұрсың. Бар. Бара бер. Бара ғой! – деді.

Біздің дабырласқан даусымызды естіп, ас үйден анам көрінді. Бұрын көрмеген адамы болғансын, ұсынған қолын алып жатып: «Қай баласың, қарағым?» деді.

– Амансыз ба, апа! Балаңыздың маңайында көп шимайшыдан басқа кім жүруші еді? Мен де солардан боламын. Атым – Мұқағали. Менің де сіздей шешем бар. Үйде сіз болсаңыз, қалғандарының қажеті шамалы. Онда бұл жолынан қалмасын! – деп анамды ас үйге қарай жетеледі.

Мен бір жымидым да, шығып кеткем. Кешке қайтып келсем, анам мәз-мейрам. «Мә, мынаны манағы бала беріп кетті. Қолы тисе, оқып шығар деді». Жемпірінің қалтасынан алақанға сыйып кететіндей шап-шағын кітапша шығарды. «Жарықтық, жігіттің төресі екен. Тұлға қандай, тұрпат қандай! Екі иығына екі кісі мінгендей. Қалған достарың өңкей шыбыштың лағындай шошаңдап тұрған немелер еді. Мынаның сөзі байсалды.

Қолыңды тигіз. Оқып шық. Не жазды екен, жарықтық?!» деді анам. Мұқағалиды көріп, ішпей-жемей тойып тұр.

…Тамақтан соң Әбіш жұмыс үстеліне отырды. Кітапшаны айналдыра бір қарады. Мұқабасында – томпиған кіп-кішкене немересін ерткен кәрі әже. Аспандағы күннің аумағынан ұшып келе жатқан қос қарлығашқа қадала қарап қалыпты. Аты да әп-әсем екен: «Қарлығашым, келдің бе?». Әрі таныс, әрі таңсық. Мұң лебі ескендей болады. Алғашқы бетті ашып қалып еді, көк сиямен қолтаңба қалдырыпты.

«Әбіш!

Дей алдым ба бірдеңе, демедім бе?

Дей алмасам, боғымды жегенім де.

Өкпе-назым, қайғы мен қуанышым –

Тұрса бәрі жарады өлеңімде», – депті де, шиырып қол қойыпты.

Жүрегі шым ете түсті. Сол бойда оқуға кірісті. Бірінші өлеңінің өзі ойыңды алысқа ала қашады екен.

Отыз бес жыл.

Отыз бесінші көктемім,

Отыз бес жыл.

Уақыт қой көп-көрім.

Отыз бес жыл қуарып,

Отыз бес жыл көктедім.

Отыз бес күз, отыз бес қыс, отыз бес жаз,

Осал өмір емес қой отыз бес жас…

Отыз бес жыл.

Өмірді кезіп келем.

Және отыз бес бола ма?

Сезіктенем…

Әкем менің, есімде, шам түбінде

ВКП (б) тарихын ежіктеген.

Және бір сәт есімде ақпандағы,

Әкем отыр майданға аттанғалы.

Бәрі есімде

Дала, егіс, ауыл, мектеп,

Ұстаздар, интернаттың қатқан наны…

Бәрі есімде – далам да, тұрағым да,

Тек есте жоқ, күлдім бе, жыладым ба…

Балалық шақ жарбиып жүретұғын

Өгіз жеккен соқаның құлағында.

Шаруаның баласы болғасын ба,

Шаруамен айналдым он жасымда.

Майдандағы әкеме оқ жібердім,

Айырбастап күлшемді қорғасынға.

Әжем есімде.

Әрнеге қозбайтұғын,

Әріден көп әңгіме қозғайтұғын.

Темір керней есімде…

Боран үрсе,

Азалы үнін аңыратып, боздайтұғын.

Есімде жоқ.

Бала боп өсіп пе едім?!

Болсам неге жылы сөз есітпедім?!

Есімде тек,

Білемін жеңіс-құстың

Біздің жаққа бір апта кешіккенін…

«Бәрі рас. Бәрі солай. Бәріміз де көргенбіз. Бәріміздің де есімізде. Бәріміз де осылай сезінеміз. Неге ендеше бәріміз осылай жазбағанбыз?..».

…Ынтыға оқи түсті. «1941 жыл ақпандатқан. Сыртта аяз. Ауылымызды ақ қар жапқан, үңірейген үрей тұр соғыс дейтін, алапат – аспан, жерді, аттандатқан… Жарты ай тұр шар аспанда – тозған таға, үскірік үрлей ме, әлде қозғалта ма? Әжем жүр туған жердің топырағын, тұмар ғып тігіп жатыр бөз қалтаға. Ол отыр. Аямай-ақ ішіп алған. Санасын мазалайды күшік-арман. Аттан, әке. Таныс қой күрес саған. Күресуі керек қой күші бар жан… Жалынған ғазиз Анам, сұрап қалған, жоғалды сол бетімен бірақ та арман, сенбеймін әкең өлді дегенге мен, себебі, ол үйімізден тірі аттанған…».

…Біреу желкесіне су құйып жібергендей… «Қалай-қалай дөңгелентеді?! Бұл неғып сенің ойыңа келмеген? Сен де осылай сезініп, сен де осылай қан жыламап па едің?.. Жә… жә… Жетер…».

…Буыны босап, көз алды бұлдырап барады… «Сонау бір жазда, жайлауда, соғыстың кезі қой баққам, көңілім келмей байламға, көп нәрсені ойлантқан… Жүгіріп төмен құлдырап, көрдім де таудың бұлағын, көзімнің алды бұлдырап, қалқайып екі құлағым, қабаржып, үнсіз жыладым… Сондағы көздің жасынан ләззат алғам нансаңыз, сұраңыз әрбір тасынан, еліме менің барсаңыз… Бұлақтан барып сұраңыз, көрді екен, кімді білді екен… Бұғынып қалған, бір аңыз, бұйығып тағы жүр ме екен… Жартастың жонын ұрғылап, кеудесін сайдың тепкілеп, сұрар ма екен сұм бұлақ: «Сол бала қайда кетті?» – деп…».

…Оқыған сайын оқи түскісі келді. «Шындықты жұрттың бәрі біліп, бәрі көріп жүргенмен, оны ортақ сырға айналдыру, жырға айналдыру тек ең таланттылардың ғана қолынан келетін сияқты. «Көре ғой… байқай ғой… Айта ғой!» – деп періштелердің өзі тек солардың ғана құлағына сыбырлайтындай. Мұқағали сондай бақыттылар тобынан екен! Анам айтқандай, шын жарықтық екен! Жарықтыққа жарық дүниенің ұсынбайтын бақыты, ұстатпайтын ақиқаты жоқ шығар!..».

…Дереу телефон шалды. Дың-дың. Сәлден соң қайта соқты. Дың-дың. Төзімі таусылып, дөңгелегін тағы бұрады. Дың-дың…

…Отыра қап ойланды. «Қап, бәлем, енді телефон соқпаймын. Жазамын. Газетке ұсынамын. Көрсін де оқысын! Оқысын да қуансын!..».

…Өз тапқан ақылына өзі масаттанып, төсекке сұлады. Жол тастамай оқыды. Бәрін де өз басынан өткергендей!.. Бәрі де өзі туралы. Тіпті, мына бір жолдардың бұдан несі бөтен, несі өзге!

«Жүрегімде жүргені-ай бір қауіптің, сабағындай шырмайды шырмауықтың, үмітпенен, арманмен, күдікпенен, өтіп жатыр зымырап, зырлауық күн… Шешем менің еңкейіп бара жатыр, қай күні келер екен нала батыр. Жел маған сыбырлайды аят оқып: «бір күні айырыласың, қара да тұр…» Шешем менің иілген сұрау белгі, сәл ғана шаттық көрді, жылау көрді, қалай ғана қалпына келтіресің, дауылдар майыстырған мынау белді. Ұлың сені ұжмаққа бергісі жоқ, ұжмағың да тамұқ қой көргісіз от. Осылай көз алдымда жүре берші. Сұраулы сөйлемдердің белгісі боп».

…Қай өлеңін қанша қараса да, артық-ауыс ештеңе таба алмады. «Апырай, ала-құласыз бұл қандай кітап! Бұндай да болады екен ғой? Замандастардан бұрын-соңды мұндайды көріп пе ем? «Батырға оңқайы да, солақайы да бір» деп, оңды-солды жаза беретін таланттылардың өзі таусыла сөйлеп, сарқыла жазуға итермелейтін бұл кітап туралы үндемей қалу үлкен мін», – деп ойлап, алдыңғы беттегі қолтаңбаға қайта үңілді. «23.ІІІ.68 ж.» деп жазылыпты.

«Үшінші ай, Наурыз?.. Е-е, тоқтай тұр, бұл кітап менің қолыма мына тамылжыған тамыз айында тиіп отырған жоқ па?!. Мұқағали сонда бұл кітапты сонша уақыт өзінде ұстаған ғой. Бұдан бұрынғы екі кітабын да берген емес. Сонда мұны екіұдай боп күмәндана, қинала-қинала әкелген боп тұр ғой? Олай болса, өзі үлкен үміт артқан кітабы болды ғой. «Дей алдым ба бірдеңе, демедім бе?!» дегенге қарағанда, солай секілді. Дегенде қандай! Депсің, Мұқа!..».

…Ақ қағазға қалай шұқшия қалғанын өзі де білмей қалды. Бір ойланып алып, Мұқағалидың өзі оқыған поэмаларында лириктігі басым түсетіндігінен бас­тады. Содан бұрқыратты-ай келіп. «Әдетте, тіпті де жақсы өлеңі көп те, бірде-бір жаман өлеңі жоқ жыр кітаптары аса сирек ұшырасады. М. Мақатаевтың «Қарлығашым, келдің бе?» жинағы сондай айда-жылда бір ұшырасатын аса сиректің бірі», – деп түйіндеді…