05 мам, 2022 сағат 15:10

Димаш Леди Гаганың продюсерімен түскен суретін жариялады


Танымал қазақстандық әнші Димаш Құдайберген Instagram-да танымал америкалық әнші Леди Гаганың (Lady Gaga) продюсерімен кездескенін айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Димаш Құдайберген Instagram-да заманауи мобильді ойын-сауық индустриясының негізін салушылардың бірі, әнші Леди Гаганың продюсері Ральф Саймон Еуропадағы концерттеріне Лос-Анджелестен арнайы ұшып келгенін айтты.

"Достар, мен сіздерді бір адаммен таныстырғым келеді. Заманауи мобильді ойын-сауық индустриясының негізін салушылардың бірі, танымал америкалық әнші Леди Гаганың продюсері - Ральф Саймон менің Еуропадағы концерттеріме Лос-Анджелестен арнайы ұшып келді. кездесу барысында идеялар мен бірлескен қызық жоспарларды талқыладық", - деп жазды әнші.

Ол продюсер Ральф Саймонның қызметі туралы айтып берді.

"Ральф Саймон 1970 жылдары тәуелсіз Zomba Group негізін қалаған және оны 20 жыл бойы жетекші тәуелсіз жазба лейбліне, музыкалық баспа үйіне және продюсерлерді басқарушы компанияға айналдырған. Сонымен қатар америкалық музыка артистері Backstreet Boys, NSYNC, Бритни Спирс, Тимберлейк және Джанет Джексонмен келісімге келген.

90-жылдардың ортасында ол Голливудтағы Capitol Records және Blue Note Records компаниясының атқарушы вице-президенті болды және EMI ​​Music-тің жаһандық жаңа медиа бөлімін құрды. 1997 жылы ол Америка, Еуропа, Ұлыбритания, Австралия және Африкадағы алғашқы рингтондар компаниясы болатын Yourmobile (кейінірек Moviso деп аталды) негізін қалады. 2001 жылы Саймон Энтони Стоунфилд, Хилтон Розентал, Шейн Дьюинг және Клифф Бригденмен бірге YourMobile тобын құрды", - деп жазды Димаш Құдайберген.

Бұл жазбаға 37 000-ға жуық адам лайк басып, 2 мыңнан астам пікір қалдырды. Желі қолданушылары қазақстандық әншіні құттықтап, қуаныштарын білдірді.

"Керемет адам! Жақында онымен АҚШ-та және бүкіл әлемде бірлескен жобалар жасаймыз деп үміттенемін! Ақ жол!", - деп толықтырды әнші.