20 мау, 2025 сағат 17:25

Disney-дің «Элио» фильмі қазақ тілінде шықты

Фото: Руслан Зиганшин


Алматыда Disney мен Pixar студияларының «Элио» фильмінің қазақ тіліндегі тұсаукесер көрсетілімі өтті. Көрсетілімге елімізге танымал тұлғалар, қоғам қайраткерлері, кәсіпкерлер мен депутаттар, дубляж актерлары мен блогерлер, БАҚ өкілдері қатысты, – деп хабарлайды Ult.kz.


Фильмдерді түрлі елдерге бейімдеп, дубляждау – Disney компаниясында бұрыннан қалыптасқан үрдіс. Disney жыл сайын әр фильмнің түрлі тілдердегі 40-ға жуық нұсқасын дайындайды.


«Бұл бірегей туынды, ешқандай фильмнің жалғасы емес, қайта түсірілмеген. Ақ параққа жаңадан жазылған жаңа хикая. Басты кейіпкер Элио жер ғаламшарында өзін жалғыз сезінеді. Кейіпкер өте жас бала. Кейіпкерге мұндай драмматургиялық ауыр жағдайлардан өту оңай нәрсе емес. бірақ Элио еш мойымай, бұрын соңды ешкім байқамаған жігерлікті, батылдықты тауып, дос таба біліп және ең бастысы жердің өзі үшін қаншалықты маңызды екенін түсінеді. Бұған дейін менсінбеген немесе қашқысы келген жерге қайта асығады. Ең бастысы ол жерде өзінің отбасы бар екенін түсінеді. Бұл отбасыны зерттейтін, әсіресе балалардың табиғатын зерттейтін адамдардың тілімен айтқанда неше түрлі терминдер табылады. Дегенмен осы фильмнің өзінде Элио бізге үйреншікті тәсілдерсіз-ақ проблемалармен күресе біледі, ойламаған жерден дос табады. Ал досы оның өмірін түбегейлі өзгертеді», – дейді Disney мен Pixar-дың «Элио» фильмінің дубляж режиссері Шах-Мұрат Ордабаев.


Фото: Руслан Зиганшин


Фильм көрерменді ерекше тылсым әлемге жетелейді. Басты кейіпкер – қиялы ұшқыр Элио. Ол кездейсоқ Жердің өкілі ретінде бүкіл ғаламның тіршілік иелері жиналған планетааралық ұйымға      тап болады. Енді ол – адамзат атынан сөйлейтін жалғыз өкіл. Бүкіл галактикаға қауіп төндірген дағдарысты қалай реттейді? Бұл тек шытырман оқиға емес, әр балаға өзін тану мен даму жолын көрсететін нұсқаулық деуге де болады. Басты кейіпкерді Нұрназар Саржан дыбыстаған.


«Мен негізі басында барған кезде не деген үлкен жоба  ойлағанмын. Элио өзге ғаламшарлықтардың бар екенін білді ғой, менің де эмоциям сондай болды. Басты кейіпкерді дыбыстап жатқаныма өте қатты қуандым. Негізі Элио екеуіміз қатты ұқсаспыз дей алмаймын, бірақ ұқсас жерлеріміз бар. Элио қиылшыл, мен де анда-санда қиялданамын. Өте арманшыл, әзілқой, көңілдімін. Ал ұқсамайтын жеріміз, Элио көңіл күйін қатты түсіріп, ойға батады. Маған ондай ұнамайды. Адамдармен сөйлескенін, диалогты дыбыстау оңай. Ал қиыны эмоцияны», «Элио» филімінде басты кейіпкерді дыбыстаған Нұрназар Саржан.


Сонымен қатар, аталған жобаға белгілі актер, жүргізуші, әншілер де тартылған. Олардың қатарында Марат Оралғазин мен Нұрмұхамед Жақып та бар.



Фото: Руслан Зиганшин


Марат Оралғазин, «Элио» филімінде Хеликс елшіні дыбыстаған:


Жалпы бұл мен үшін ең алғашқы тәжірибе. Мен алғашқы рет анимациялық толық метражды фильмді дыбыстадым. Сондықтан бұл мен үшін жаңа әлем болды. Негізі менің персонажымның көзқарасы, сөйлеу мәнері өзгеше. Менен мүлде бөлек адам деп санаймын. Бөлек персонаж деп санаймын. Мен үшін қиындық турдырған нәрсе – дауыс. Маған даусыңды мүлдем басқаша өзгертуің керек деді. Фильмді көргенде менің даусымды танымай да қалуларыңыз мүмкін.


Нұрмұхамед Жақып, «Элио» филімінде Калебті дыбыстаған:


Мені кастинге шақырды. Менің даусымды бағалап, осы жобаға өттім. Менің кейіпкерімнің есімі – Калеб, ол сырт көзге бұзық бала болып көрінуі мүмкін. Бірақ оның мінезі жақсы. Менің кейіпкерімді дыбыстау маған қызық тәжірибе болды. Себебі ол кейіпкер маған ұқсамайды, мен өмірде басқаша адаммын. Мен актер емес, әнші болғандықтан кейіпкердің образына кіру сәл қиын болды. Бірақ осы жобаның режиссері маған бағыт-бағдар беріп, көмектесті. Соның арқасында жақсы дүние шықты. Элио мен менің кейіпкерімнің арасында төбелес болып, айғайлау керек болды. Соққы дыбыстарын дыбыстау керек болды. Маған осы тұсы қызық болды.



Фото: Руслан Зиганшин


Осы бастама аясында Disney студиясы 2024 жылы «Ойжұмбақ 2», «Моана 2», «Муфаса. Арыстан патша», биыл «Ақшақар», «Лило мен Стич» деп аталатын фильмдерін қазақ тіліне аударып, дубляж жұмыстарын қаржыландырды. Қазақ тілінің ірі халықаралық студиялар өз қаражатымен қолдайтын тілдердің қатарына қосылуы – тіліміздің дамуы үшін өте маңызды оқиға. Енді көрерменге 19 маусымнан бастап «Элио» туындысы ұсынылды.


Ақбота Мұсабекқызы