26 там, 2016 сағат 13:11

Дмитрий Баландин: «Елбасы менің арманымды орындады»

Елбасы Н. Назарбаев менің арманымды орындады. Бұл туралы жүзуден Рио Олимпиадасының алтын жүлдегері Дмитрий Баландин ХХХІ жазғы Олимпиада жеңімпаздары мен жүлдергерлеріне қатысуымен өтіп жатқан құрмет көрсету шарасында мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Құрметті, Елбасы барша Қазақстан халқын осы жеңіспен құттықтауға рұқсат етіңіз. Бұл сіздің жеңісіз бен еңбегіңіз. Сіз спортшылардың осындай биіктерді бағындыру үшін барлық жағдай жасап отырсыз. Мен шын жүрегіммен сізге алғысымды білдіремін. Себебі, сіз менің арманымды орындадыңыз. Олипм тұғырына көтеріліп, қазақ елінің әнұранын тыңдадым. Сіз осы үшін үлкен алғысымды білдіремін», - деді жүзуден Рио Олимпиаданың жеңімпазы.

Айта кетейік, спортшылардың бүгінгі күн тәртібі "Бәйтерек" монументі алдындағы мерекелік шарадан басталды. Сол жерде олар кабриолетке мініп, Астана көшелерімен жүріп өтті.

Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өткен Олимпиада ойындарында Қазақстан спортшылары үш алтын, бес күміс, тоғыз қола медаль жеңіп алған болатын. Жалпыкомандалық есепте ұлттық құрамамыз 22-ші орынды иеленіп, медаль саны жағынан рекорд орнатты. Бұған дейін Атлантада - 11, Сиднейде - 7, Афиныда - 8, Пекинде - 13, ал Лондон Олимпиадасында 13 медаль еншілеген болатынбыз. Бұл жолы қоржынға 17 жүлде түсті.

Рио-Олимпиадасында спортшыларымыз Нижат Рахымов, Данияр Елеусінов және Дмитрий Баландин алтын алса, Жазира Жаппарқұл, Елдос Сметов, Василий Левит, Әділбек Ниязымбетов пен Гюзель Манюрова күміс медальға қол жеткізді. Қола жүлде алғандардың қатарында Галбадрах Отгонцэцэг, Фархад Харки, Карина Горичева, Александр Зайчиков, Ольга Рыпакова, Эльмира Сыздықова, Екатерина Ларионова, Иван Дычко, Дариға Шәкімова бар.

Осы жылғы Олимпиада ойындарына 28 спорт түрінен 206 мемлекет пен босқындар командаларынан 10 мыңнан астам спортшы қатысты. Байрақты бәсекеде 306 медаль жиынтығы сарапқа салынды. Төртжылдықтың басты додасында еліміздің намысын 26 спорт түрінен 104 спортшы қорғады.