04 жел, 2023 сағат 12:21

Еңбек құқығын бұзғандарға салынатын санкция мардымсыз - Берік Асылов

Фото: © Sputnik

Ірі бизнеске еңбек құқығын бұзғаны үшін салынатын әкімшілік санкция мөлшері мардымсыз. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының сауалына Бас прокурор Берік Асыловтың жауабында айтылған, деп хабарлайды Kazinform.

«Қазіргі уақытта «АрселорМиттал Теміртау» шахтасындағы соңғы апат фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 277-бабының 3-бөлігі (Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргiзу кезiнде қауiпсiздiк қағидаларын бұзу) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Бас прокуратура оны бақылауда ұстап отыр. Мұндай қайғылы оқиға - жауапты тұлғалардың жұмысшылар қауіпсіздігіне дұрыс қарамауының, сонымен қатар құқықтық реттеу мен мемлекеттік бақылаудың жеткіліксіздігімен байланысты түрлі фактордың қалыптасуының салдары», - дейді Берік Асылов.

Мәселен, оның атап өтуінше, ірі бизнес субъектілеріне жұмысшылардың еңбек құқықтарын бұзғаны үшін салынатын әкімшілік санкция (айыппұл көлемі 500 мың теңгеден аспайды) мардымсыз. Сондықтан оларды "тәртіпке тарту" әдістері жұмыс істемейді.

«Бұған қоса, заңнамалық актілерде жарақаттану және қауіпсіздік техникасы ережелерінің өрескел бұзылу фактілері байқалған кәсіпорындарды жыл сайын тексеруге мүмкіндік беретін нормалар жоқ», - дейді Асылов.

Бас прокурордың атап өтуінше, мұндай кәсіпорындарға заңнамалық шаралар қабылдауға қатысты мәселе ел Үкіметінде қарастырылып жатыр.

Айта кетейік, 28 қазан сағат 02:33-те Қарағанды облысындағы Костенко атындағы шахтада апат болып, 46 кенші қаза тапты.