25 қыр, 2021 сағат 11:02

Ердоған Қырым аннексиясы жөнінде айтқаннан кейін Ресейде түрік қызанақтарынан вирус табылды


Ауыл шаруашылық өнімдерін қадағалайтын ресейлік "Россельхознадзор" қызметі Түркиядан импортталған жемістерден – қауіпті монилиоз, қызанақтардан вирус табылғанын хабарлады. 23 қыркүйекте ведомство өкілдері Түркия ауыл шаруашылығы министрлігінің азық-түлік басқармасының басшысымен келіссөз өткізген. Ресей билігі "өнімдердің фитосанитария қауіпсіздігін күшейтуді" сұраған.

"Россельхознадзор" сонымен бірге Түркиядан импортталатын жеміс-көкөністердің пестицид мөлшері жоғары екенін алға тартқан.

Бұл ақпарат Ресей мен Түркия басшыларының кездесуіне бірнеше күн қалғанда жарияланып отыр. 29 қыркүйекте Владимир Путин мен Режеп Ердоған Сочиде келіссөз өткізеді. Түрік басшысы бұған дейін келіссөзде Сирия және екі ел арасындағы қарым-қатынас мәселелері талқыланады деп мәлімдеген.

22 қыркүйекте Нью-Йоркте БҰҰ Бас ассамблеясында сөйлеген Ердоған Түркия Украинаның территориялық тұтастығын қолдайды және аннексияланған Қырымды Украина бөлігі ретінде танитынын мәлімдеген. 20 қыркүйекте Түркия сыртқы істер министрі Қырымда өткен мемлекеттік дума сайлауының нәтижесін мойындамайтынын, себебі Анкара түбекті Ресей өзіне заңсыз қосып алды деп санайтынын жеткізген.

Ресей түрлі елдерге өнімдерін әкелуіне шектеу қойып, мұны сыртқы саясат құралы ретінде жиі пайдаланады. 2014 жылы Еуроодақ Қырым аннексиясы үшін Ресейге санкция салған. Ресей бұған жауап ретінде одақтан келетін өнімдерге тыйым салды. Бастапқыда санкция бір жылға салынған, кейін мерзімі ұзартылды. Әлі күнге дейін күшінде.