28 қыр, 2022 сағат 13:36

Ешкім ешқайда қашқан жоқ - Бас прокуратура Мәсімовтің ісі туралы


Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев Ұлттық қауіпсіздік комитетінің экс-басшысы Кәрім Мәсімовтің ісіне қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Мәжіліс кулуарында журналистер қаңтар оқиғасынан кейін ұсталған Кәрім Мәсімов жайлы еш мағлұмат жоқ екенін, қазақстандықтардың көбі оның шынымен қамауда отырғанына күмәнданатынын айтып, неге халыққа ақпарат берілмей отырғанын сұрады.

Шындалиев Мәсімовтің ісін ҰҚК тергеп жатқанын, оған "құпия" деген гриф берілгенін атап өтті. Яғни материалдар жария етілмейді.

"Бұл іс бойынша барлық күдікті қамауда отыр. Ешкім ешқайда кеткен жоқ және жасырынған жоқ. Іс аяқталды, қазір материалдармен танысу басталды", - деді Шындалиев мәжіліс кулуарында.

Айтуынша, Мәсімовтің соты қашан өтетіні әзірге белгісіз. Өйткені айыпталушылардың адвокаттарының іс материалдарымен танысу екі-үш ай уақыт алуы мүмкін.

25 тамызда ҰҚК комитеттің бұрынғы басшылығы Кәрім Мәсімовке, Әнуар Садықұловқа, Дәулет Ерғожинге, Марат Өсіповке және лауазымды адамдар Д.М.Акиповке, Н.К. Бекмұратқа қатысты қылмыстық істі тергеуді аяқтады.

Мәсімовтің әрекеттері Қылмыстық кодекстің 175-бабы 1-бөлігі (мемлекетке опасыздық жасау), 179-бабы 3-бөлігі (билікті күшпен басып алу) және 362-бабы 4-бөлігі 3-тармағы бойынша (билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану) сараланды.

6 қаңтарда Кәрім Мәсімов Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасы қызметінен босатылды.