06 сәу, 2022 сағат 10:50

FlyArystan-ға жолаушыларды тасымалдаудан бас тарту фактісі бойынша тексеру жүргізілді


Қазақстанның авиация әкімшілігі FlyArystan әуе компаниясына жоспардан тыс инспекциялық тексеру жүргізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитетінің мәліметі бойынша, тексеру жүргізуге 2022 жылғы 19 наурыздағы Нұр-Сұлтан - Қостанай бағыты бойынша КС 7341 рейсімен жолаушыларды тасымалдаудан бас тарту фактісіне қатысты жолаушылардың өтініші негіз болған. 

Тексеру нәтижелері бойынша жолаушыларды тасымалдаудан бас тартудың себебі эвакуациялық траптан ақау табылып, әуе кемесінің бортындағы жолаушыларға арналған орындар саны жүзге дейін қысқартылған. 

Орындар санын қысқарту ұшу қауіпсіздігі талаптары негізінде жүзеге асырылған. Авариялық трап дұрыс жұмыс істемесе, жолаушыларды апатты жағдайда түсіру мүмкін емес. Осы себепті әуе компания 180 орынның 70-ін жабуға мәжбүр болған. 

Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 30 сәуірдегі №540 бұйрығымен бекітілген Жолаушыларды, багажды және жүктерді әуе көлігімен тасымалдау қағидаларына сәйкес, жолаушыларды әуе кемесінің ұшу қауіпсіздігіне қатер төндіретін себептер бойынша тасымалдаудан бас тартылса, пайдаланылмаған билет құны немесе оның бір бөлігі қайтарылады.