Фото:vechastana.kz
Елордамызда ғашықтық себебімен салынған тарихи ғимарат бар. Ол - бұрынғы Украинаның елшілігі қоныстанған Кенесары мен Бейбітшілік көшелерінің қиылысындағы сәулеті жарасқан әдемі ғимарат.
Үлкен ұлым мен келінімнің үйі , осы көркем сарайға жақын. Келген сайын, кейде осы көшемен, яғни осы үйдің қасынан жиі өтеміз. Бұл үйді 1910 ‒ 1912 жылдары осы өңірге танымал көпес Василий Кубрин салдырған екен.
Ғимарат тарихы өте қызықты. Өткен ғасырда жергілікті көпес Василий Кубрин, жұмыс сапарымен бірде Петерборға барып, реті келгенде театрға кіріп, көрермендер қатарында, сахнада өнер көрсеткен әртістердің өнерін қызықтайды. Сол кезде, бір сұлу балеринаны көріп, соған ес-түссіз ғашық болады. Қойылымның сонында ол биші қызға жолығып, өзіне тұрмысқа шығуға өтініш жасап, өзімен бірге алып кетпек болады. Дегенмен, балерина қыз оған, Петербордағыдай сәулетпен үй салып беретін мүмкіндігі болса ғана, тұрмысқа шығуға келісімін береді.
Ақмолаға оралған Василий Кубрин кідірместен үй салуға кіріседі. Петербордан сәулетші шақырып, сол қиырдағы қаланың үйлеріндей сәулетін аудырмай ғимарат жобасын сыздыртып, тездетіп үй салуды бастап кетеді. Бір жылға толар-толмас уақытта бикештің қалаған сарайы дайын болады. Осыдан кейін Петерборға қайта барған Василий уәдесін орындап келгендігін айтады. Жас жігіттің өзіне деген шынайы сезімін түсінген биші қыз келісімін беріп, тұрмысқа шығады.
Өкінішке қарай Василий Кубринге бұл үйде ұзақ тұруды тағдыр жазбапты. Сол кездегі бірінші дүниежүзілік соғыстың басталуы, Кеңес үкіметінің орнауы , Кубриндер әулетінің мазасын қашырып, Ресейге кетулеріне тура келеді. Қазан төңкерісінен соң бұл үйде жұмысшылар клубы мен кітапхана орналасады. Кейінен қаланы басқаратын атқарушы комитеттің кеңсесіне айналады. Ал, алпысыншы жылдары облыстық тарихи өлкетану мұражайына мекен болады. 1998 жылы Алматыдан елшіліктер көшіп келетін уақытта осы ғимарат Украина елшілігіне беріледі.