08 там, 2016 сағат 07:40

Грант иегерлері қашан белгілі болады?

Білім гранттарын бөлу жөніндегі республикалық конкурстық комиссия жұмысын бастады. Комиссия мүшелерi 12 тамызға дейiн жұмысын қорытындылап, грант иелерiн 12 тамызға дейiн жариялайды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Baq.kz-ке сілтеме жасап.

«Білім гранттарын бөлу жөніндегі республикалық конкурстық комиссия 4-8 тамыз аралығында жұмыс iстейдi. 12 тамызға дейiн қорытынды шығарылып, БАҚ беттерiнде жарияланады», - дедi бүгiн комиссияның алғашқы отырысында ҚР Бiлiм және ғылым министрi Ерлан Сағадиев.

Комиссия құрамына мемлекеттік органдар мен Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері және жоғары оқу орындарының ректорлары кiрiп отыр.

Айта кетейiк, биыл 31 702 грант бөлiнген. Оның iшiнде 2 950 орын жоғары оқу орындарының дайындық бөлiмшелерiне, 28 752 грант күндiзгi бөлiмге қарастырылған. Конкурсқа 59 677 түлек қатысып жатыр.

12 593 грант техникалық және технологиялық, 5 мыңға жуық грант педагогикалық, 2 690 грант ауыл шаруашылығы және ветеринарлық, 3 мың грант медициналық мамандықтарға бөлiндi. Бiлiм гранттарын орналастыру мүмкiндiгiне биыл 87 жоғары оқу орны ие болды.

Алдағы уақытта грант иегерлерінің тізімі Ұлт порталында жарияланатын болады.