24 қаң, 2022 сағат 21:03

ИИДМ: Кәбіл өнімдері мен жүк тартқыштардың утилизациялық алымын алып тастау мәселесі қарастырылып жатыр


ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі кәбіл өнімдері мен жүк тартқыштардың утилизациялық алымын алып тастау мәселесін қарастыруға дайын. Бұл туралы вице-министр Марат Қарабаев «Хабар» телеарнасындағы «Большая неделя» бағдарламасында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Президент бұл мәселе бойынша екі бағытта тапсырма берді. Біріншісі – өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелерін (бұдан былай ӨКМ – ред.) мемлекеттік орган арқылы реттеу. Ол тапсырма орындалып қойды. Қазір ӨКМ толығымен 100 пайыз мемлекеттік ұйым болып саналатын «Жасыл дамуға» берілді. Жұма күні бизнес және қоғам өкілдерімен, белсенділермен кездесу болды. Сол кездесуде Экология министрі Брекешев мырза ӨКМ «Жасыл дамуға» берілгенін, ал ол мемлекеттік орган екенін айтты. Бұл Мемлекет басышысы берген тапсырманың бірінші бөлігі болатын», - деді министрлік өкілі. 

Ведомство басшысының орынбасары утилизациялық алым мөлшерлемелері бойынша түрлі пікір бар екенін, талқылау барысында бәрі ескерілетінін атады. 

«Президент тапсырмасының екінші бөлігі де орындала бастады. Утилизациялық алым мөлшерлемесін қайта қарау керек болған. Бұл мәселе бойынша жұмыс тобын құрдық. 100-дей адам жұма күні жүздесті. Енді келесі аптада сектор бойынша кездесулер өтеді. Яғни, кәбіл өнімдерін кәдеге жарату алымының мөлшері бойынша бөлек, автомобиль алымының мөлшері бойынша бөлек, ауыл шаруашылығы техникасының алымы бойынша бөлек, жүктартқыштар алымы бойынша бөлек кездесулер өтеді. 

Алым мөлшері қайта қарау бойынша түрлі пікірлер бар. Кәбіл өнімдерін кәдеге жарату алымын 0 теңгеге дейін түсіру ұсынысы айтылды. Оны да қарастырамыз. Халықаралық жүк тасымалымен айналысатындардың да ұсынысы бар. 2025 жылы біздегі жүк тасымалы нарығына ЕАЭО тасымалдаушылары да кіреді. Осы кезеңге дейін жүк тартқыш техникалардың утилизациялық алымын толықтай алып тастау ұсынылуда. Сонда кәбіл өнімдері мен жүк тартқыштардың утилизациялық алымын алып тастау мәселесін қарастырып жатырмыз. Әрине, ешкім біржақты шешім шығарғалы жатқан жоқ. Белсенділер мен қоғам өкілдерінің пікірін ескере отырып, өндірушілер мен операторларды тарта отырып шешім қабылданады», - деді Марат Қарабаев.