04 қаз, 2023 сағат 09:47

Іле-Алатау ұлттық саябағында орманшыны ұрып-соғу ісі қайта сараланды

Фото: Евгений Мухамеджанов/facebook.com

Алматы полициясы Іле-Алатау ұлттық саябағында орманшыны ұрып-соғу ісін "Бұзақылық" бабынан "Күш қолдану" бабына қайта саралады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

"Бұл қылмысты ашу үшін арнайы жедел-тергеу тобы құрылды. Күдіктілерді анықтау және ұстауға бағытталған қажетті шаралар кешені жүргізіліп жатыр, - делінген хабарламада.

Ведомство мәліметінше, тергеу барысы Алматы Полиция департаменті басшылығының бақылауында.

"Қылмыстың объектісі жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мамандандырылған ұйымның лауазымды тұлғасы екенін ескере отырып, қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 380-2-бабы 3-бөлігіне "Жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекторға, жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мамандандырылған ұйым инспекторына, қорықшыға қатысты күш қолдану" қайта сараланды", - деп хабарлады департамент өкілдері.

Еске сала кетейік, жол талғамайтын Toyota Land Cruiser көлігімен келген белгісіз біреулер Іле-Алатау ұлттық паркінің орманшысы - 30 жастағы инспектор Дамир Қуатбековке шабуыл жасап, оны таяқпен ұрған. Ол басынан жарақат алып, №12 ауруханаға жатқызылды.

Оқиға 29 қыркүйекте сағат 19:15 шамасында ұлттық парк аумағында болған.