12 мам, 2025 сағат 12:33

Іле Алатауында жаңа туристік маршрут пайда болады: Сиверс алма бағы

Фото: Жетісу облысының әкімдігі

Іле Алатауының Тау-Түрген шатқалында келесі жылы жаңа туристік маршрут ашылады. Бұл бағытта туристер әлемдік алма сұрыптарының арғы тегі саналатын Сиверс жабайы алмасының гүлдеуін тамашалай алады. Жаңа жол жабайы алма бағы арқылы өтеді, ал оның жанында заманауи визит-орталық пен ғылыми база салынбақ, деп хабарлайды Ult.kz.

Тарихи дерек пен ғылыми құндылық

Сиверс жабайы алмасы алғаш рет XVIII ғасырдың соңында неміс-ресейлік ғалым Иоганн Сиверспен зерттелген. Бұл өсімдік Қазақстанның ғана емес, әлемдік биологияның да маңызды бірегейлігі ретінде танылған. Ал ХХ ғасырда академик Аймақ Жанғалиев бұл жабайы алманың қазіргі алма сұрыптарының арғы тегі екенін дәлелдеген.

Туристік әлеует

2010 жылы Іле Алатауында Сиверс алмасы резерваты құрылып, бұл жерде 31 гектар аумақта табиғи өсімдік тұқымы сақталды. Қазір аймақты дамыту жоспарлары аясында заманауи бақылау алаңдары, серуен жолдары, туристер үшін кәдесый дүкендері мен Аймақ Жанғалиевке арналған музей салынбақ.

Сиверс жабайы алмасы сәуірдің соңынан мамырдың басына дейін ғана гүлдейді. Сондықтан осы қысқа, бірақ әсем көріністі тамашалау үшін жаңа туристік бағыт ерекше қызығушылық тудырады деп күтілуде.

Жаңа маршрут табиғатқа жанашырлық танытып, ғылым мен туризмді ұштастыруға арналған ерекше бастама болмақ.