Фото: Instagram.com
Имам, дінтанушы және психолог Нұрлан Байжігітұлы АҚШ-та Ақ үйде ұйымдастырылған қайырымдылық таңғы асына қатысты, деп хабарлайды Ult.kz.
Қайырымдылық шара барысында АҚШ президенті Дональд Трамп дін бостандығы туралы сөз қозғапты. Бұл туралы Нұрлан имам әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
«Америка Құрама Штатының 45-ші және 47-ші Президенті Дональд Трамп мырза қайырымдылық шарада сөз сөйледі. Ол «Құдайым мені атқан адамға өлтіртпей, сіздердің алдарыңызға шығаруы - бұл елім үшін сый әрі менің көп дүниелерді жақсы жағына өзгертуіме себеп» деп айтқаны. Бұл сөзін Вашингтонда тап менің алдымда айтқаны маған үлкен әсер берді. Отырған орным да тура алдына түскен екен. Қасымда Армения, Косово, Украина және т.б. мемлекеттердің президенттері отырды», - деді Нұрлан Байжігітұлы.
Вашингтонда жыл сайын ақпан айында дәстүрлі түрде өтетін бұл рухани таңғы асқа америкалық саясаткерлер, кәсіпкерлер және шетелдік қонақтар қатысады. Бұл дәстүр алғаш рет 1953 жылы АҚШ-тың 34-ші президенті Дуайт Эйзенхауэрдің бастамасымен басталған.