24 қаң, 2025 сағат 14:30

«Иран қазақтары 85 миллион ирандыққа сіңіп кетпей, ана тілін сақтап қалды»: шығыстанушымен сұхбат

Суретте Гаухар Омарханова

Маңғыстау қазақтарының 1920-30 жылдары ашаршылық пен ұжымдастыру кезеңінде Иранға қоныс аударуы – ұлт тарихындағы күрделі оқиғалардың бірі. Иранда жаңа ортаға бейімделе отырып, қазақтар өз ұлттық болмысын сақтап қана қоймай, ерекше жетістіктерге де жетті. Ult.kz журналисі шығыстанушы Гаухар Омархановамен сұхбаттасып, қазақтардың Ирандағы өмірі, салт-дәстүрі, тілін сақтау жолындағы күресі мен Қазақстанмен байланысы туралы ақпарат алды. Сондай-ақ, ол қандастардың тарихи Отанына оралу мәселелеріндегі кедергілер мен қазіргі жастардың болашағын әңгімелеп берді.

«Қазақтар «ирандық» болып кетті»

Маңғыстау қазақтарының бірінші легі 1920-22 жылдары ашаршылық салдарынан, жұт болып мал қырылғаннан кейін Иранға ауып кетуге мәжбүр болды. Екінші легі – ұжымдастыру мәселесі туындаған кезде, яғни 1930-1933 жылдары қоныс аударды. Біздің Маңғыстау облысы негізі төрт түлік малға бай өлке болған, бірақ соның барлығын тартып ала бастағаннан кейін көшпенді халық қиналып қалды. Ұжымдастыруға көнбегендер көшуге мәжбүр болды. Олардың дені Түрікменстан-Қазақстан-Иранды байланыстырып отырған территорияда, Каспийдің оңтүстік бөлігі – бұрын ол кісілер барғанда Мазандеран облысы болатын, кейін ол екіге бөлініп кетті де, бір бөлігі Мазандеран облысы, екіншісі Гүлістан облысы болды. Сол жердегі Горган деген қалаға барып, табан тіреді. Бұл 1933 жыл. Бірақ өздерінің айтуы бойынша, алғашқы 15 жыл 1950 жылға дейін олар өте көп қиындық көрген. Өйткені Маңғыстаудың құрғақ ауа райынан ылғалды климатқа көшкеннен кейін сол жердің тамағы жақпай, ауру жиілеп, балалар шетінеп кете берген. Өздерінің айтуынша, алғашқы 10 жылда бала тұрақтамаған, сандары азайып кеткен. 50-жылдары ғана жағдайымыз түзелді дейді. 

Көшіп барғаннан кейін халық құжат алу мәселесіне тап болды. Сол заманда қазақтар 60 мың адам барған шығар. Қазір азайды, 5-6 мың адам қалды деп отыр. Бұл негізгі санатқа алынбайтын сан. Сондықтан бізді қазақ деп жазбаған, тіркеуден өткізбеген. Көбі қазақ екенін дәлелдей алмай жүр. Иранның заңы бойынша сол жерде тұратын, сол жерде өскен адамның барлығы «ирандық» деп жазылады. Олардың кейбірі әзірбайжан, түрікмен, күрд және т.б. ұлт болуы мүмкін. Бірақ олай деп жазғызбайды. Үкімет бірұлтты, біртілді мемлекет құру саясатын жүргізгендіктен, ұлттық идентификацияны сақтап қалу қиынға соқты. Мысалы, Қазақстанда әр ұлт өзінің театрын, мектебін ашып алған ғой. Иранда мұндайға рұқсат етілмеген. Барлығы парсыша сөйлейді, парсы мектебіне барады, сол тілде қызмет атқарады. Сондықтан 85 миллион халықтың арасында жойылмай, өз тілін сақтап отыру деген өте үлкен дәреже. 


«Қазақ» деген көше бар

Айтып өткенімдей, 1950 жылдан бастап қазақтар аяққа тұрып, бас көтере бастады, кәсіп игеріп, балаларын сабаққа бере бастады, өніп-өсіп жатты. Иран мемлекетінің жақсы бір саясаты иммигранттарды баспайды. Босқын болып келген адамды елге сіңдіріп жіберуге тырысады. Иранда қазір 4 млн ауған бар. Олар елге сіңіп кеткен. Құжат бойынша мәселе бәрінде бар. Ылғи ұзарту керек, рұқсат сұрау керек және т.б. Бірақ соның өзінде олар барлық мемлекеттік қызмет түрлерін алып жатыр, балаларын мектепке беріп жатыр. Қазақтар да солардың қатарында балаларын мектепке берді. Жанұя тұғырының мықтылығы сондай, үйде қазақша сөйлеседі. Парсыша тек сыртта сөйле дейді. Қазақтар ирандықтарды «оулият» дейді. Бұл басым бөлік деген сөз. Халықтың басым бөлігі – оулият, яғни ирандықтар. Өздерін қазақтар және оулият деп бөліп, «Оулияттармен парсыша сөйлес, ал қазақпен тек қазақша сөйлес» дейді. Осының арқасында ирандық қазақтар әлі күнге дейін ерекше жағдайда өмір сүріп жатыр. Барған сайын көзің қуанады. Балалардың таза қазақша сөйлеп жүргенін естігенде қуанасың. Бірақ енді кейінгі ұрпақтың арасында қазақ тілін сақтап қалу мәселесі жиі көтеріліп жүр. Өйткені қазір жаңа технология дамып жатыр, балалар мектепте ағылшын оқиды, әлеуметтік желілерде ағылшынша ақпарат көп. Сол негізгі тілдері парсы мен ағылшын болып кете ме деген қорқыныштары да жоқ емес. Қазірдің өзінде олар қазақ тілі мен парсы тілін араластырып сөйлейді. Тілді сақтауда Otau TV арқылы қосылатын «Балапан», «Қазақстан» сияқты телеарналар көмектесіп отыр. 

Қазақтар Иранда өз салт-дәстүрін сақтаған. Сондықтан олар шашырап, бытырап кетпей, «мәхалла» деп аталатын бір аудан, бір ауыл, бір көшенің бойында қоныс тепкен. Тіпті көшелерінің аты «Қазақ» деп аталады. Өздерінің дүкені, өздерінің мешіті – сүннит қазақтар мен түркімендер жиналатын жері бар. Өйткені білесіз, Иран – шиіт мазхабындағы ел. Сол шиіттердің ортасында олар өздерінің сүннит мазхабын сақтап отыр. Өздерінің имамдары бар. Түркімен имам да, қазақ имам да бар. Өзара алмасып, сол жерде жұма намаздарын өткізіп тұрады. 

Иран-Қазақстан байланысы

Иран қазақтарының туысқандарының көбі Ақтауда тұрады. Горган мен Ақтау арасында рейс бар, аптасына 1 рет ұшады. Толы барады, толы қайтады. Қазақтар бір-біріне қонаққа барғанды жақсы көреді. Өзара сауда қазір өте жақсы дамып жатыр. Маңғыстау облысы мен Гүлістан облысы арасында тауар алмасу өте қарқынды жүріп жатыр. Өйткені Иран Қазақстаннан Ақтау арқылы бидай, жүгері, арпа сияқты дәнді-дақылдар алады. Сондай-ақ Қазақстаннан ет өте көп барады. 

Иран қазақтары техникаға мықты

Қазақстан, Түрікменстан мен Иран арасында теміржол салынды. Соның бойында қазір Инчебурун деген үлкен станция бар. Ол станцияда да көбіне қазақтар жұмыс істейді. Қазақтар – техникаға мықты халық. Жүк көліктерін жүргізуді ең бірінші жолға қойып, Гүлістан облысында осы саланы басқарған да қазақтар. Содан кейін бүкіл бөлшектерді жасау және жөндеу жұмыстарына да шебер. Қазақтарды екіге бөлуге болады. Сол Гүлістан облысында бірге жұмылып өмір сүріп жатқандар бар. Содан кейін техникалық білімдерін дамытып, Тегеранға келгендері бар. Мен өзім Тегеранға келген қазақтармен көбірек араластым. Мұнай саласында, ауыл шаруашылығы тыңайтқыштары, банк секторында істеп жатқан қазақтарымыз бар. Тегераннан бір сағаттық жерде Кәрәдж деген мегаполис бар, 20 қазақ отбасы сол жерде тұрады. Қала маңында бір үлкен зауыт бар. Сонда қазақтар инженер ретінде жұмыс істеп жатыр. Қазақтар жай ғана жүрген жоқ. Барлығы бір-бір мамандықты игеріп алған және сол салада ешкімнен де кем емес. Парсы, ағылшын, қазақ тілдерін еркін меңгерген.