30 қар, 2022 сағат 12:02

Қаңтар оқиғасы: Қызылорда облысында 122 сотталған рақымшылыққа ұсынылды


Қызылорда облысында жаппай тәртіпсіздік кезінде қылмыстық құқық бұзушылық жасаған 122 адам рақымшылыққа ұсынылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне сілтеме жасап.

«Рақымшылық туралы» Заңға сәйкес Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД аудандық және қалалық пробация қызметі 122 сотталғанға қатысты рақымшылық қолдану туралы сотқа ұсыныс жолдады. Олар жаппай тәртіпсіздік кезінде қылмыстық құқық бұзушылық жасаған.

«Қазіргі таңда 9 сотталғанның іс-құжаттары қаралып, 7 сотталғанның негізгі жазасы төрттен үшке қысқартылып, екі сотталғанды жаза мерзімінен босату жөнінде сот шешімімен қаулы шығарылды. Қаулы заңды күшіне енген жоқ. Ал, қалған 113 сотталғанның материалдары сот өндірісінде. Осыған дейін есептегі сотталғандарға түсіндірме жұмыстары жүргізілген. Онда қаңтар оқиғасына қатысқандардың барлығы бірдей рақымшылыққа ілікпейтіні жөнінде нақты айтылды», - деді пробация қызметіне басшылық жасау тобының бас маманы, әділет майоры Ғаламат Құлманов.

Еске салсақ, 2 қарашада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтар оқиғасына қатысқандарға бір реттік рақымшылық жасау туралы заңға қол қойған болатын.