20 қаз, 2023 сағат 11:10

Қарағанды ​​облысында зорланған оқушы психиатриялық орталыққа түскен

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Қарағанды облысында 15 жастағы оқушы зорланып, кейін психиатриялық орталыққа түскен, - деп хабарлайды Tengrinews.kz агенттігі.

Кәмелетке толмаған қызға 50 жастағы ер адам жыныстық зорлық-зомбылық көрсеткен. Жәбірленушінің анасының айтуынша, тергеу ұзаққа созылған, ал қызы тіпті психиатриялық орталыққа жатқызылған.

Бұл жағдай биыл шілденің аяғында болды.

"Жазда қосымша жұмыс тапқым келді. Ол (күдікті - еск.) құрбым арқылы маған жұмыс ұсыну үшін құрбым жұмыс істейтін кафеге шақырды. Ештеңеден күдіктенген жоқпын. Ол сол жерде бірнеше бөтелке сыра ішіп, ақша төлеу үшін үйге бару керегін айтты. Маған өзімен бірге баруды, содан кейін оралып, бәрін талқылауды ұсынды. Келістім, бірақ мені онда не күтіп тұрғаны ойыма да келмеді. Пәтерде ол маған тиісе бастады, басымнан екі рет ұрып, зорлады. Айқайлаудың пайдасы жоғын жеткізді. Содан кейін ешкімге ештеңе айтпауды өтінді. Өз өмірім үшін қорқып, онымен келіскендей кейіп таныттым. Онымен бірге пәтерден шыққаннан кейін құрбыма хат жазып, ағам мен досынан көмек сұрадым", - деді жәбірленуші.

Жәбірленуші полицияға да жүгініпті. Күдікті оқиғадан бірнеше сағат өткен соң ұсталды.

"Сараптама жасады, қызымның денесінен оның биоматериалы анықталды. Соққы іздері де анықталды. Бірақ іс әлі сотқа жіберілген жоқ. Неге, ол жағы бізге түсініксіз. Қадағалаушы орган өкілі қандай да бір себептермен қызымды психиатриялық орталыққа орналастыруды талап етті. Полиция бөлімінде осы орталыққа салуға келісім беруге мәжбүр етті, бұл орталықтың қорытындысынсыз оны (күдіктіні - еск.) отырғызбайды деді. Содан кейін ғана ауруханаға жатқызудан бас тарта алатынымды білдім. Бес күннен кейін қызымды ол жерден алып кеттім. Осы күндері орталықта психолог онымен бір-ақ рет сөйлесіпті", - деді жәбірленушінің анасы.

Жәбірленушінің туыстарының сөзінше, тергеу нәтижесіне әсер ету үшін қыздарын есі дұрыс емес деп танығысы келеді.

Қарағанды облысы Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі мәліметінше, кәмелетке толмаған қыз сот-психиатриялық сараптама комиссиясының ұсынысы бойынша анасының жазбаша келісімімен балалар психиатрия орталығына жатқызылған.

"Тексеріс кезінде науқас медицина мекемесінің режимі мен ережелерін сақтамады. Қажет психологиялық тексерістерді аяқтамай, анасының талабымен ауруханадан мерзімінен бұрын шығарылды", - делінген ведомство мәліметінде.

Қарағанды облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі өкілі бұл оқиғаға қатысты пікір білдіріп, жәбірленуші анасының жазбаша келісімімен психиатрия орталығына орналастырылғанын мәлімдеді.

"Осы дерекке қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 120-бабының 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс тіркелді. Күдіктіге қатысты қамауда ұстау түрінде бұлтартпау шарасы таңдалды. Тергеу жүргізіліп жатыр", - деді Қарағанды облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі өкілі.