18 ақп, 2025 сағат 16:27

Қазақстан жол кептелісі бойынша әлемде нешінші орында?

Фото: Pexels.com

Numbeo порталының 2025 жылға арналған жол трафигі рейтингісінде Қазақстан 89 елдің ішінен 47-орынға тұрақтады. Елдің индексі 134,9 баллды құрады, деп хабарлайды Ult.kz.

Рейтинг бірнеше көрсеткіш бойынша жасалды:

  • Уақыт индексі — азаматтардың бір жаққа жол жүруге орташа қанша уақыт жұмсайтыны.
  • CO₂ шығарындыларының индексі — бір сапарға кететін көмірқышқыл газының көлемі.
  • Тиімділік индексі — көлік жүйесінің тиімділігі. Жоғары көрсеткіш тұрғындардың жеке көлікті көбірек пайдаланып, қоғамдық көлікті сирек қолданатынын немесе жолда көп уақыт өткізетінін көрсетеді.

Кептелістегі уақыт

Қазақстан жолда өткізілетін уақыт бойынша елдер ішінде 41-орынды иеленді. Қазақстанда сапардың орташа ұзақтығы — 35,5 минут. ТМД елдері арасында ең көп уақыт жұмсайтындар Ресей (43,3 минут), Әзербайжан (40,6 минут) және Украина тұрғындары (37,9 минут). Ал Армения (29,3 минут) мен Беларусь (31,2 минут) тұрғындары ең аз уақытын жолда өткізеді.

Әлем бойынша ең ұзақ жолда жүретіндер Нигерия тұрғындары (65,3 минут), ал ең жылдамы — Исландия (21,4 минут).

CO₂ шығарындылары

Жол трафигімен байланысты CO₂ шығарындылары бойынша Қазақстан әлемде 47-орында. Елде бір сапарға (екі жаққа) орта есеппен 3,9 кг көмірқышқыл газы бөлінеді.

Ең жоғары көрсеткіштер Коста-Рика мен Оңтүстік Африка Республикасында (9,5 кг), сондай-ақ Ливанда (9,3 кг). Ең төменгі көрсеткіштер Албания (1,5 кг), Финляндия (1,6 кг) және Австрияда (1,6 кг) тіркелген.

ТМД елдерінде көлік қозғалысынан туындайтын ауа ластануы Әзербайжан мен Ресейде (4,2 кг), Украинада (3,9 кг) жоғары. Ең төменгі көрсеткіш Арменияда (2,7 кг) және Беларусьта (3,3 кг).

Экологияға инвестициялар қысқарды

Қазақстанда 2024 жылы қоршаған ортаны қорғауға арналған инвестиция көлемі 52,8 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 74,9%-ға азайды (2023 жылы 210,5 млрд теңге болған).

Аймақтар арасында Павлодар облысы көш бастап тұр: бұл өңірде 15,3 млрд теңге инвестиция салынып, өткен жылмен салыстырғанда 80,1%-ға өскен. Екінші орында Қарағанды облысы (12,9 млрд теңге), үшінші орында Атырау облысы (7,3 млрд теңге). Жалпы, экологияға инвестициялар елдің 20 өңірінің 14-іне бағытталған.

Инвестициялардың негізгі көзі кәсіпорындардың өз қаражаты болды — барлық қаржының 93,8%-ы немесе 49,5 млрд теңге. Банктерден алынған несиелер көлемі 1,6 млрд теңгені құрады, тағы осынша қаржы банктік емес заем көздерінен тартылған.