24 мау, 2025 сағат 17:03

Қазақстанда АЭС салу ‒ технологияның жандануы

Фото: gov.kz

1,4 млн тонна уран қоры бар және энергия тапшылығы өзекті болып отырған Қазақстан үшін АЭС салу маңызды шешім болды. Қатты отынның қоршаған ортаға зиянын ескерсек, атом энергетикасына ден қою қажет. Осы орайда «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарушы директоры, елімізге еңбек сіңірген энергетик Жақып Ғалиұлы Хайрушев атом энергиясының артықшылықтары, маңызы мен пайдасы туралы Ult.kz тілшісіне айтып берді.

Қазақстанда АЭС салу несімен тиімді, несімен өзекті екеніне қатысты өз ойын айтқан Жақып Ғалиұлы ең алдымен, Қазақстанда энергия тұтыну көлемі үнемі өсіп келе жатқанын сөз етті.

«Бұл – өнеркәсіп, урбанизация және экономиканың цифрлануының тікелей салдары», –  деп отыр ол.


Оның айтуынша қазіргі энергия теңгерімінде көмір басым, бірақ бұл – экологиялық тұрғыдан тұрақсыз шешім.

«АЭС – төмен көміртекті, тұрақты және базалық қуат көзі ретінде Қазақстан үшін стратегиялық маңызы бар жоба. Сонымен қатар, ол импортқа тәуелділікті азайтып, елдің энергетикалық қауіпсіздігін күшейтеді», – дейді Жақып Хайрушев.


«АЭС – тек энергия көзі емес, экономиканың мультипликативті драйвері»

Еліміздің өндірістік болашағына зор үміт бар екені белгілі. Қазақстан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты жолдауында өнеркәсіп саласын дамыту бойынша біршама жұмыс атқарылуы керек екенін айтқан болатын. Дегенмен өндіріс саласының дамуы да қосымша энергияны, қосымша күшті талап етеді. Ал атом электр станциясын салу еліміздегі өндірістің дамуына, бизнеске, жаңа жұмыс орындарының ашылуына қалай әсер ете алады? Бұл туралы елімізге еңбек сіңірген энергетик былай деді:  

«АЭС – тек энергия көзі емес, сонымен бірге экономиканың мультипликативті драйвері. Оның құрылысы мен пайдалануға берілуі 10 мыңға дейін жұмыс орнын тікелей және жанама ашады. Сонымен қатар құрылыс, металлургия, машина жасау, логистика және қызмет көрсету салаларын дамытады. Бұдан бөлек, отандық өндірістегі қосалқы бөлшектер мен материалдарға сұранысты арттырады және жоғары білікті инженерлер мен техниктерге сұраныс тудырады. Бұл – өндірістік тізбекті тереңдететін және шағын және орта бизнесті жан-жақты қамтитын жобалардың бірі», – деп түсіндірді ол.


Осы ретте Шымкенттегі KarlsKrona зауыты Түркияда «Росатом» салып жатқан «Аккую» атом станциясына арнап насос шығаратынын да айта кеткен жөн.

«АЭС салу арзан жоба емес, ол өз құнын қалай өтейді?» – деген сұрағымызға Жақып Хайрушев:

«Иә, бастапқы капиталы жоғары. Бірақ есеп ұзақ мерзімді болуы керек. Атом станциясы 60–80 жылға дейін жұмыс істей алады. Ал энергия құны – тұрақты әрі болжамды, отын шығыны өте аз, ал инфрақұрылым ұзақ уақыт қызмет етеді. Тарифтің инвестициялық құрамдасы арқылы бұл жоба өзін 15–20 жылда өтей алады. Бұдан бөлек, ішкі нарықты сапалы энергиямен қамтамасыз ету арқылы экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттырады», – деді ол.


Айта кетейік, БАҚ беттерінде Қазақстанда АЭС-тің екі реакторының құрылысына 10-12 млрд доллар жұмсалуы мүмкін екені айтылған. Бірақ бұл нақты құн емес екені де ескерілген. Себебі құрылыс барысында баға өзгеруі ықтимал.

Жуырда Қазақстандағы алғашқы АЭС-тің құрылысын жүзеге асыратын халықаралық консорциумды «Росатом» басқаратыны белгілі болды.

«Атом саласын дамыту мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия жүргізілген талдау нәтижесінде  Қазақстанда АЭС салу бойынша ең оңтайлы әрі тиімді ұсыныстар ресейлік «Росатом» компаниясынан түскенін анықтады», – делінген Атом энергиясы жөніндегі агенттік хабарламасында. 


Айта кетейік «Росатомның» флагмандық жобасы ВВЭР-1200 су-сулы энергетикалық реакторы 3+ буынына жатады, сонымен қатар халықаралық қауіпсіздік талаптарына толық сәйкес келеді. ВВЭР-1200 энергетикалық блоктары әлемдегі ең тиімді қондырғылардың бірі болып табылады және белсенді және пассивті қауіпсіздік жүйелерінің кешенімен жабдықталған, олардың көпшілігі бірегей. Қазіргі уақытта осы технологияның негізінде алты энергетикалық блок жұмыс істейді: төртеуі Ресейде және екеуі Беларусь Республикасында. ВВЭР-1200 реакторлары бар энергетикалық блоктар қазір Бангладеште, Венгрияда, Египетте, Түркияда, Қытайда салынуда. ВВЭР-1200 қызмет ету мерзімі тағы 20 жылға ұзарту мүмкіндігімен 60 жылды құрайды.

2024 жылғы WNISR есебі бойынша салынып жатқан 59 реактордың 26-сы – "Росатомға" тиесілі екен.

Жақып Ғалиұлының пікірінше бұл – технологиялық сенімділік пен геосаяси салмақтың көрсеткіші. 

«Қазақстан үшін маңыздысы – жоба ашықтығы, техникалық дербестік және отандық өндірісті тарту. Сондықтан да біз кез келген серіктеспен келіссөз жүргізуде ұлттық мүддені алдыңғы қатарға қоюымыз қажет», – деді Ж. Хайрушев.


Ал «Түркияда салынып жатқан АЭС-ті көрдіңіз, Беларусиядағы АЭС-пен таныссыз. Маман ретінде қандай ой түйдіңіз?» – деген сұрағымызға елімізге еңбек сіңірген энергетик былай жауап қайтарды:

«Екі жоба да "Росатомның" қатысуымен жүзеге асып жатыр. Беларуссиядағы АЭС жұмыс істеп тұр – негізгі сабақ: кадрларды алдын ала даярлау және жүйелік басқару маңызды. Түркияда, "Аккую" жобасы – Build-Own-Operate (BOO) моделінің мысалы», – деді ол.


Біздің елімізде қабылданған шешімдерге сәйкес, Қазақстан өзінің алғашқы атом электр станциясының тек иесі ғана емес, сонымен қатар операторы, уран шикізатының өндірушісі әрі болашақ станцияның барлық технологиялық процестерінің толыққанды иесі болады. 

Атом станциясын салудан бөлек, онда жұмыс істейтін маман даярлау өз алдына үлкен мәселе. 

Бүгінде біздің елде физик-ядерщиктерді Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Л. Гумилева атындағы ЕҰУ, Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті және басқа оқу орындары даярлайды. «Ядролық физика және технология», «Ядролық энергетика», «Ядролық реакторлар мен материалдар» және «Ядролық инженерия» мамандықтары бойынша үш сатылы білім беру бағдарламасын дайындау шеңберінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Ғ. Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс универститеті,  Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті және Қ. Сатпаев атындағы ҚҰТУ студенттері ядролық физика институтында ВВР-К зерттеу стационарлық реакторында тәжірибелік сабақтар өтеді.

Сонымен қатар шет елдердегі жетекші оқу орындарымен келісімдер бар екен.

«Соның ішінде МИФИ (Мәскеу инженерлік-физикалық институты) – Қазақстанда өз филиалын ашты. Бұл бағытта кадр даярлау – үздіксіз және ұзақ мерзімді процесс», – деп сөзін түйіндеді Хайрушев.