25 қыр, 2021 сағат 10:48

COVID: Елде бір күнде 2,3 мың науқас анықталды, 54 адам қайтыс болды


Кеше, 24 қыркүйекте Қазақстанда 2324 адамның анализінен коронавирус анықталды. 2954 адам жазылды. Сенбі таңертең Денсаулық сақтау министрлігі осылай деп хабарлады. 

Өткен тәулікте ең көп науқас Алматыда (510) тіркелген. Алматы облысында - 262, Қарағанды облысында 261 адамнан коронавирус анықталған. 

Індет басталғалы бері Қазақстанда 874 мың адамның ПТР тесті оң көрсеткен. Джонс Хопкинс университетінің мәліметінше, Қазақстан әлемде бір айда тіркелген науқастар саны жөнінен 25-орында тұр. Коронавирус пневмониясына шалдыққандарды қосқанда Қазақстанда барлығы 947 мың адам коронавируспен ауырған. 28 күнде 110 мың науқас тіркелген. 

Қазақстан билігі коронавирус пневмониясына шалдыққандарды 2020 жылдың 1 тамызынан бері есептеп келеді, бірақ оны Covid статистикасына қоспай келеді. Ал халықаралық ұйымдардың статистикасында ол бірге есептеледі. Былтыр Қазақстанда жазда жиі кездеспейтін өкпенің қабынуы өршіген кезде ДДСҰ "өлім қаупі жоғары қазақстандық пневмония" – дұрыс анықталмаған Covid деп мәлімдеген.

23 қыркүйекте Қазақстанда 200 адамға коронавирус пневмониясы диагнозы қойылған. Елде екі күн бұрын 54 адам өлімі тіркелген: 46 адам – коронавирустан, 8 адам коронавирус пневмониясынан қайтыс болды деп айтылады.

2020 жылдың наурызынан бері ПТР тесті оң көрсеткендер арасында 10 999 адам қайтыс болды. Былтыр тамыздан бері коронавирус пневмониясына шалдыққандар арасында 4784 адам өлімі тіркелген. 

Өлім-жітімнің себебін зерттеу комиссиясы 2,6 мың адамның өліміне – коронавирус емес, басқа ауру себеп болды деп айтқан. Олар Covid статистикасына енгізілмеген. 

Қазір республика 64 мың адам коронавирустан емделіп жатыр. 11 мыңы стационарда жатыр. 895 адамның жағдайы ауыр, 230 пациенттің жағдайы өте ауыр. 138 науқас жасанды тыныс аппаратына қосылған. 

Ақпан айынан бері 6,3 млн адам коронавирусқа қарсы вакцинаның толық дозасын алған. 1,1 млн адам екінші дозасын күтіп отыр.