26 там, 2016 сағат 13:19

Қазақстанда демалу неге тиімсіз?

 

Анекдоттан бастайық. Дубай. Бес жұлдызды қонақ үй. Қазақстаннан келген екі жолдас жүздесіп қалады. Бір-бірін жарылқаған кейіпте хәл сұрасқан екеудің пысықтау келгені: «Бурабайда демалатын ақшаң болмады ма?..», - дейді...

Бұл анекдоттан біз шындықты ғана көре аламыз. «Бурабайдағы» белгілі қонақ үйлердің бірінде түнеп шығу үшін кемінде 55 мың теңгеге шығындаласыз. Ал Түркиядағы дәл сол қымбат қонақ үйде 1 күн өткізу үшін 38 мың теңгеңіз болса жеткілікті. Айырмашылықты анық байқап отырған болуыңыз керек.

Қазақстандық туристік ұйымдар қауымдастығының өкілі Айдар Кенжеғұловтың пікірінше, ішкі туризм экономиканы көтеретін бірден-бір күшке ие бола алады. Сол арқылы біз бүгінгі қиын жағдайда артта қалған бірнеше саланы аяққа тұрғызып, жұмысын одан әрі дамыта аламыз. «Онымен қоса, жақын айлары «ЭКСПО-2017» өтеді. Осы мүмкіндікті пайдаланып, елге келген қонақтар мен туристерге Қазақстанның мақтанышына айналған, ғажап мекен Бурабайды (курорттық аймақ) көрсетуіміз қажет. Өйткені ол – туристік ағынның тартылыс нүктесіне айналмақ.

Жәй ғана кіріс туризмінің классикалық есебін шығарайықшы: Бір шетелдік турист елге күніне 100 доллар шамасында кіріс алып келеді. Ішкі туризмнен де пайда айтарлықтай көп және ішкі туризм сыртқыға қарағанда, халық үшін тиімді һәм қауіпсіз», - дейді ол.

Иә, бұл – екі маңызды артықшылық. Бірақ неге ел тұрғындары өзіміздің Швейцариямыз – Бурабайға, болмаса өзге де көрікті жерлерге бармай, турагенттіктердің табылдырығын тоздырып, Түркия мен Қытайға жолдама алуға асығады?.. Айтпақшы, Бурабай ел орталығы Астанадан тым алыс жатқан жоқ. Сол себепті курортқа дейін керемет жол тартылған. Бірақ...

Елдегі туристік орындар туралы мағлұматтарды біз алдымен әлемжеліден іздей бастаймыз. Міне, олқылық та, кемшілігіміз де осы жерден байқала бастайды. Айтыңызшы, отандық демалыс орындары туралы толық әлі сапалы ақпарат беретін бір сайтты кездестірдіңіз бе? Ал, сол Түркияңыздың айналасындағы курорттар хақында ақпарат деген самсап тқр. Іздегеніңіздің бәрін таба аласыз. Сол себепті біздің тұрғындар Қазақстандағы емес, Түркиядағы демалыс орындарын бес саусақтай біліп алған.

Туристерді өте ыңғайлы автобусқа отырғызып, барлық жағдайды жасап, мінсіз жолмен жүргізіп, қажетті жерге апарғанннан өзінде, сіз сол жолдың бойынан бірде-бір кемпингті немесе шағын ғана қонақ үйді, жанға жайлы демалыс тұрақтарын, жақсы бір кафе, жоқ дегенде жөні түзу әжетхана мен жуынатын орын таба алмайсыз.

Сервистік қызмет пен қонақ үй бизнесі туризм саласымен тығыз байланыста. Сондықтан олардың проблемалары да бір: қымбат бағаға өте нашар қызмет көрсету, кәсіби кадрлардың жетіспеушілігі, жарнаманың жоқтығы. Туризм саласының маманы Айдар Кенжеғұловтың пікірінше, қызмет көрсету деңгейі ғана төмен емес, бізде туризммен байланысты кәсіпкерлік жұмыстар да дұрыс жолға қойылмаған. Мәселен, естелік сувенирлердің сатылымы, ұлттық бұйымдар жасаудан мастер-класстар өткізу, демалыс орны жайлы толық ақпарат беретін қысқаша бейне-презентациялар мен оны көрсететін видеокафелердің болмауы.

Айтпақшы, Шығыс Қазақстанның сан түрлі климаттық өзгерістерге ұшырайтын белдеуде орналасқан таулы ландшафтыдағы өте көрікті әм таңғажайып табиғаты бар. Таулар, орман-тоғай, жазық дала, құмды аумақтағы көлдер, өзендер... Жарайды, өзіміздің тұрғындар мұндай дамымаған инфрақұрылымға көніп, қауіпті жолдарға ыңғайланып, барлық кемшілікке көз жұма қарады делік. Бірақ шетелден келген туристер бұған көне қояр ма екен?! Түйінін өзіміз шығарайық...

Сонымен қатар, Қазақстанда “демалыс жолдамаларын” сату дұрыс жолға қойылмаған. Әрбір қазақстандық өз демаласын Бурабайда өткізуді армандайтын шығар. Өкінішке орай, ол мұндай мүмкіндікке ие емес. Ойлап қарасақ, екі күннің өзінде қаншама дүниеге үлгеруге болады: жазда – атқа мініп серуендеу, шайтанарбада қыдыру, қайық, катамаран, яхтамен жүзу, квадрациклмен жүріп, параплан, әуе шары, парашютпен ұшу; қыста – қарағайлы орманда демалу... Бір ғана экотуризмнің өзінде бірнеше қызықты дүниелермен айналысуға болады: фототыңшылық, видеотүсірілім, саңырауқұлақ теру, балық аулау, табиғи қорықтарды аралау және турсеруендер.

Онымен қоса, Қазақстан тұрғындары арасында “автомобильді туризм” әлемдегідей танымал емес. Біле білсек, бұл – өте ыңғайлы. Өйткені сен өзіңнің көлігіңмен, я болмаса жалға алынған көлікпен қаржылай қиындыққа ұшырамай қыдыра аласың. Былай қарасаң, мәшинеге отырып, еліңнің көрікті жерлерін аралап қыдырғаннан асқан қандай бақыт бар деп ойлайсың! Әйткенмен тағы да “бірақ” деген сөз алдымыздан шығады. Ол үшін жақсы жағдай жасалған ба? Жайлы аялдамалары бар қауіпсіз де ыңғайлы жолдар, т.б. келеңсіздіктер шешілген бе?..

Осы себептердің барлығы “ішкі туризмнің” дамуына кесірін тигізеді. Елдің бар мүмкіндігі дұрыс пайдаланылмай келеді. Туризм саласының маманы Айдар Кенжеғұловтың айтуы бойынша, Қазақстанның азаматтарының туристік әлеуеті – әлемдегі ең төмен көрсеткіштерге ие. Одан біз “сыртқы туризмнің” ғана қарқынды дамып жатқанын көре аламыз. Мысалы, Қытайда сырттан адамдарды тарту үшін қолданылатын туризмның үш негізгі бағыты бар: табиғат нысандарының, тарихи және мәдени ескерткіштердің болуы, сонымен қатар ұлттық дәстүрдің көрініс табуы. Бізде мұның барлығы да бар. «Таңғажайып Бурабайда» керемет табиғат ескерткіштері мен аңыздары бар. Бірақ әлі де болса, байлығымызды туризм индустриясында дұрыс ұсына алмай келеміз.

Қазақстан туристік ассоциациясының президенті Роза Асанбаеваның бір сұхбатында айтқан мына ойларымен келіспеске амал жоқ:

- Бізде шын мәнінде бәрі де өте қымбат. Қазақстандықтар кейде Бурабай мен Алакөлге барғаннан гөрі өзге бір елге барғанды қалтасына қолай көреді. Бізге мұнай, металл, газда жұмыс жасайтын дәулетті адамдар келеді. Олар екі-үш күндік жайлы өмір үшін көп ақша төлеуге дайын. Олар үшін бес жұлдызды қонақ үй тұрғызады. Ішкі туризмнің дамуына қатысты мен де біздің адамдардың өз отанында демалып, ақшасының елде қалғанын қалаймын. Бірақ ол үшін ең кемі инфраструктураны жақсарту қажет. Бір қуантарлығы, біздің елдің тұрғындары Орталық Азия елдерінің өзге мемлекеттеріне қарағанда саяхат жасауға ынталы. 

Енді қалғаны мемлекетке кіретін кірістің далаға кетпеуі және жеке бизнестің бос орын алмауын ұғыну. «ЭКСПО-2017» қарсаңында ойға алатын нәрсе көп, ең алдымен елдегі бизнесте әртүрлі бағдарламаларды жүзеге асыруда жеңілдіктер жасайтын инвесторлар туралы айтуға болады.

Туризм жөніндегі сарапшы Айдар Кенжеғұловтың ойынша, ішкі туризмді дамыту үшін кәсіпкерлерге жеңілдіктер жасалуы тиіс. Мәселен, салықты төмендету немесе ҚҚС-н алып тастау, субсидиялау, ыңғайлы несиелер, қолайлы виза режимдері. Мысалы, Ресейде шағын бизнесті өркендету үшін және шетелдік инвестицияны молайту үшін туристік кластер өкілдеріне жиналған салықтан бес жылға 5%-дай қысқарту ұсынылған.

Сарапшы Айдар Кенжеғұловтың зерттеуінше, егер мемлекет инфраструктура мен жол, байланысты өз қолына алса, бизнес басшыларының ірі туристік жобалармен айналысуға қызығушылығы артары сөзсіз.

Анекдотқа қайта оралайық. Айта кететін жайт, тек қана Түркиядағы қарапайым бағадан қызмет көрсету сапасына дейінгі параметр көрсеткіші еліміздегі курорттардан әлдеқайда жақсы. Алайда all-inclusive-нің алдында барлық  индустрияның ұзақ жылдық дамуы, ел брендтері аясындағы тұрақты шаралар мен маркетингтік өрлеуі, сондай-ақ заң шығарушы базаны реформалау ісінде үлкен істер күтіп тұр.

Сондықтан да Қазақстан үшін ЭКСПО сынды ірі халықаралық шараны өткізу – әлемдегі ірі туристік орталықтардың біріне айналудағы кішкентай нүктесі болу мүмкіндімен пара-пар. Ол үшін елдегі жоғарғы лауазымды тұлғалар жеке бизнесте үлкен туристік инфраструктураның барлық құрылымын ойластырған жөн. Әйтпесе көрме кезінде туристерге жасалынған барлық жағдай: инфраструктура, тур пакеттері, жақсартылған сервис   ЭКСПО-дан кейін сұраныссыз қалуы ықтимал.

Тимур Раев, dknews.kz

Аударған: Ұлт порталы